Қостанай облысында Тәуелсіздік күні қарсаңында өндіріс және әлеуметтік салада жаңа жобалар қолданысқа берілді. Бейімбет Майлин ауданында іске қосылған күн электр станциясы кен орнында «жасыл» энергетиканы дамытпақ. Ал Денисов ауданында бөбекжай жаңа кейіпке еніп, тұрғындар игілігіне тапсырылды.
Өңірдегі алғашқы күн электр станциясының құрылысы биыл мамырда басталған. Жобаға 7,2 миллиард теңге жұмсалды. Нысанның іске қосылуы Бейімбет Майлин ауданындағы кен орнында жанама парниктік газ шығарындыларын 50%-ке дейін қысқартып, өңірлік энергожүйеге түсетін жүктемені азайтады.
Виталий Несис, Solidcore Resources PLC компаниясының бас атқарушы директоры:
- Күн электр станциясы – тұрақты даму жобасы. Табиғи ресурстарды пайдалана отырып, келешек ұрпақ үшін таза әрі тұрақты орта қалыптастыруға үлес қосамыз.
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электрдің үлесі 7% деңгейінде. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 15% дейін өсіру жөнінде міндет қойған. Бұл бағытта Қостанай облысы алдыңғы қатарда.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- 2023 жылға дейін бір жергілікті электр станциясы жұмыс істеген еді. Ол Қостанай ауданында орналасқан станция. Екі жыл бұрын Арқалықта 50 МВт өңдейтін тағы бір жергілікті электр станциясы қосылды. Бүгінгі күні жалпы алты жоба іске асырылып жатқанын айтқым келеді.
Ауылда балабақша ашылды
Ал Фрунзе ауылында «Балапан» бөбекжайы күрделі жөндеуден кейін қайтадан пайдалануға берілді. Жаңартылған нысанның ашылуы ауыл тұрғындары үшін ерекше қуанышқа айналды.
Валентина Подрыга, Фрунзе ауылының тұрғыны:
- Бүгін ауылымыз үшін үлкен мереке. Бөбекжайдың іші өте керемет. Болашақта бұл жерге немерем барады.
Балабақшаны жаңғыртуға 440 млн теңге бөлінді. Мұнда үш топ жұмыс істейді, оның біреуі мемлекеттік тілде тәрбиелейді.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров