Мемлекет басшысы жер бетінде әрдайым бейбітшілік болғанын қалайды және қолдайды.
Бүгінгі форумда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша позициясын кезекті рет айқындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президент БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ауқымды диалогты бастауы, ірі державалардың саяси ерік-жігер көрсетуі өте маңызды екенін жеткізді.
– Қазірдің өзінде жаһан жік-жікке бөлінуден, тіпті ядролық соғыстан бас тартып, бейбітшілік, сенім, ынтымақ секілді құндылықтарды басшылыққа алған кезде әлемде әділетті және орнықты тәртіп орнатуға болатыны белгілі болды. Осы орайда, еліміз Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты, – деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, Мемлекет басшысы еліміз Түрікменстан Президентінің БҰҰ бейбітшілік және бейтараптық университетін ашу жөніндегі ұсынысын қолдайтынын айтып өтті.