Оралда бірдей мемлекеттік нөмірлермен жүрген екі автокөлік анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, патрульдік полиция қызметкерлері "Автоураган" арнайы фото-видео тіркеу кешенін пайдаланып, бірдей мемлекеттік нөмірлермен жүрген Toyota Ipsum және Toyota Alphard автокөліктерін анықтаған.
Тексеру барысында екі автокөліктің де Қазақстаннан тыс жерде тіркелгені белгілі болған.
"Әр түрлі көліктерде бір мемлекеттік нөмірді пайдалану – заң талаптарын өрескел бұзу болып саналады және айыппұлдан жалтару немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттерді жасыру мақсатында жасалуы мүмкін", — деп жазады басылым.
Бұл факті бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын бастаған. Оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ оған қатысы бар тұлғалар анықталып жатыр. Екі автокөлік те арнайы тұраққа қойылған.
Полиция азаматтарды көлік құралдарын тіркеу және пайдалану талаптарын қатаң сақтауға, жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Өскеменде бірдей мемлекеттік нөмірмен жүрген екі көлік тоқтатылып, арнайы тұраққа қойылған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз