Мұның басты себебі – күн райының күрт нашарлауы.


ҚТЖ 12-15 желтоқсан аралығында Достық пункті арқылы Қытай бағытындағы барлық жүкті тиеуге тыйым салып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шектеулер Бескөл – Достық учаскесіндегі жеткізілетін пойыздар санының 20-дан 9-ға дейін қысқаруына әкелген. Егер ауа температурасы реттелсе, тыйым алынып тасталады.
ҚТЖ баспасөз қызметі Достық станциясында жылдамдығы секундына 20 метрден асатын солтүстік-батыс жел күшейгенін хабарлаған. Күн райының қолайсыздығына байланысты 10 желтоқсан күні кешке маневрлік жұмыстар уақытша тоқтатылған.

– Секундына 30 метрге дейін екпіні бар дауылды жел Бескөл – Достық учаскесінде және Достық станциясының өзінде поездық және маневрлік жұмыстарда қиындықтар туғызды, соның салдарынан осы бағытта жүк тасымалы мәжбүрлі түрде шектелді. Сонымен қатар, Шу – Шығанақ және Шоқпар – Алайғыр темір жол учаскелеріндегі күн райының нашарлауына байланысты қауіпсіз өтуді қамтамасыз ету мақсатында пойыздар қозғалысының жылдамдығы төмендеді, – деп мәлім етті ұлттық компания.