Енді турист қонақ үйге келгенде тек өз құжатын көрсетуі қажет.


Ал қажетті мәліметтер (аты-жөні, паспорт нөмірі, кірген және шыққан күндері және басқа ақпарат) тікелей Ішкі істер министрлігінің біріккен электрондық жүйесіне (YAZOK) енгізіледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

11 желтоқсаннан бастап Түркияда жеке деректерді қорғау жөніндегі кеңес жаңа ережелер енгізіп, қонақ үйлерге тіркелу кезінде паспорттарды көшіруге тыйым салды.

Аталған өзгеріске сәйкес, қонақ үйлерге, мотельдерге және басқа да тұру орындарын ұсынушыларға түрік және шетелдік туристердің төлқұжаттарын суретке түсіруге, сканерлеуге немесе көшіруге тыйым салынады.

Бұған дейін жинақталған паспорт көшірмелері міндетті түрде жойылуы тиіс. Бұл шара деректердің сыртқа кету қаупін азайту және ескі әдістер бойынша паспорт көшірмелерінің әртүрлі орындарда сақталуынан туындайтын тәуекелдерді жою мақсатында қабылданған.

Енді қонақүй қызметкерлері келесі міндеттерді орындауы тиіс:

  • Туристің паспортын немесе жеке куәлігін визуалды тексеру, суреті мен аты-жөнін сәйкестендіру;
  • Барлық қажетті ақпаратты (аты-жөні, паспорт нөмірі, кірген және шыққан күндері және т.б.) YAZOK жүйесіне енгізу.

Егер қызметкер паспортты көшіруді талап етсе, азаматтар 2025 жылғы 9 желтоқсандағы жеке куәліктердің көшірмелерін тіркеу туралы негізгі шешімге (KVKK) сүйене отырып бас тарта алады.

Сонымен қатар құжаттың түпнұсқасын көрсетіп, қажет болған жағдайда, қонақүй әкімшілігінен жазбаша түсініктеме немесе жеке деректерді қорғау кеңесіне ресми сайт арқылы хабарласуды сұрай алады.