Елге адал қызмет ету – әрбір адам баласының парызы. Дегенмен сол парызды шын жүрекпен атқарып, мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілікті өмірінің басты мәніне айналдыратын адамдар аз-ақ. Әсіресе қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қателігінің салдарынан тағдыры қиындаған жандарды дұрыс жолға бағыттайтын жүйеде еңбек ету – тек кәсібилікті емес, ерекше сабыр мен төзімді, зор адамгершілікті, ешқашан сынбайтын ішкі беріктікті талап ететін ауыр міндет.
Осындай таудай жүкті еш үнсіз, еш шағымсыз, ар-ожданмен арқалап жүретіндерді елдің тірегі болуға жаралған ба дерсің. Өйткені олар – өз ортасына өнеге, әріптестеріне демеу, кейінгі буынға бағдар болған тұлғалар. Солардың бірі – есімі қылмыстық-атқару жүйесінің тарихында алтын әріппен жазылған әділет генерал-майоры Бауыржан Бердалин.
Бауыржан Маратұлы – бүкіл саналы ғұмырын қызметке арнаған, кәсіби биігіне адалдықпен жеткен жан. Ол қандай жағдайда да адам тағдырын бірінші орынға қойған азамат еді. Баукеңнің өмір жолына үңілгенде, оның әр қадамын елге деген шынайы жауапкершілікпен адымдағанын анық сезесің. Бала кезінен бойына сіңген тәртіп пен ұқыптылықтың, әділдіктің арқасында ол тек мықты офицер ғана емес, үлкен мектеп қалыптастырған қайраткер тұлғаға айналды.
Оның тағдыры біздің қоғамның да, қазіргі кезеңнің де көрінісі іспетті. Үш буын бойы заң саласына қызмет еткен әулеттің жолын жалғап, өз еңбегімен жаңа дәуірдің офицеріне айналды. Ал талапшылдық, әділдік, адамға деген құрмет сынды қызметтегі ұстанымдарымен айналасындағылардың жүрегінде терең із қалдырды. Бауыржан Маратұлы өмірден өтсе де, оның жүріп өткен жолы, елге сіңірген еңбегі және қалдырған өнегесі алыстаған сайын биіктей түсетін тау сияқты жиі еске түседі.
Біз генерал Бердалинді еске алғанда, тек бір адамның өмірін емес, тұтас бір дәстүрді – адалдық дәстүрін, офицерлік бауырластықты, елге қалтқысыз қызмет ету мәдениетін құрметпен сөз етеміз.
Елімізде 13 желтоқсан күні алғаш рет Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерінің күні ретінде аталып өтпек. Бұл күні салаға тән қиындығымен қоса маңызды мемлекеттік міндетін адал және лайықты атқарып жүрген азаматтардың ерлігі, борышы мен жауапкершілігі құрметке бөленеді. Сондай-ақ біз өз кәсібінің шынайы үлгісіне айналған адамдарды ерекше құрметпен еске аламыз.
Қылмыстық-атқару жүйесінің жарқын бейнелі тұлғаларының бірі әділет генерал-майоры Бауыржан Бердалин екенін жоғарыда айттық. Ол ұстамды, парасатты, келешекті пайымдай алатын, ішкі сенім-жігері мықты азамат еді.
Генерал Бердалин үш буынға жалғасқан заңгер-құқықтанушылар әулетінен шыққан. Оның атасы Бейсембек Бердалин 1937 жылы Мәскеудегі Құқық академиясын бітірген білімді, санасы сергек азамат еді. Бауыржан Маратұлы атасына еліктеп, заңға беріктікті, қызметтік киім нысанына деген ұқыптылықты, жауаптылық қасиеттерін жастайынан бойына сіңіріп өскен. Ол осы әулетке тән асыл жолды лайықты жалғастырып, өзінің бар өмірін қылмыстық-атқару жүйесіне қызмет етуге арнады.
Свердловскідегі Суворов әскери училищесінде оқыған кезінде Бауыржан Бердалин «Өмірім – Отаным үшін, арым – ешкім үшін емес» деген өмірлік ұстанымды қабылдап, оған өмір бойы адал болып өтті. 1982 жылы ол Ленин стипендиаты ретінде Рязань жоғары милиция мектебін үздік бітіріп, Қазақ КСР ІІМ-нің Еңбекпен түзеу мекемелері Бас басқармасында қызмет жолын бастады.
Бауыржан Маратұлы қызметінде өзін жоғары білікті маман және мықты стратег ретінде көрсетті. Оның кәсібилігі, табандылығы мен жауаптылық деңгейі жетекші лауазымдарға тез көтерілуге жол ашты. 2011 жылдан бастап 2016 жыл аралығында ол еліміздің Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетін басқарды.
Оның басшылығымен жүйеде елеулі өзгерістер болды: адам құқықтарын қорғау шаралары күшейтілді, қызметкерлердің еңбек жағдайлары жақсарып, цифрлық шешімдер белсенді дамытылып, сотталғандармен жұмыс істеудің заманауи стандарттары енгізілді. Ол кадрларды даярлау ісіне ерекше мән берді.
2011 жылы қылмыстық-атқару жүйесі Әділет министрлігінен Ішкі істер министрлігі қарауына берілген кезде, маған оның басшылығымен бес жылға жуық бірге жұмыс істеп, еліміздің пенитенциарлық жүйесінің кәсіби кадрлық негізін қалыптастыруға қатысу мүмкіндігі бұйырды.
Бауыржан Маратұлы қарапайым басшы ғана емес еді. Ол нағыз ұстаз, ақылшы, қызметтестерін жігерлендіре алатын тұлға болды. Қатаң, бірақ әділ, талапшыл, әрдайым қолдау көрсетуге дайын болу қасиеттері кәсіби ортада оны үлкен құрметке бөледі. Адал қызметі үшін ол жоғары мемлекеттік награда – ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.
Үлгілі отбасын құрды. Жұбайы Жаннат Бердалинамен бірге ұлағатты екі ұл өсірді. Немересін барынша жақсы көріп, оның тәрбиесіне көп уақыт бөлді. Себебі оның түсінігіндегі отбасы оның тірегі, парасаты мен рухани күшінің бастауы болды.
Өкінішке қарай, 2021 жылдың сәуірінде Бауыржан Маратұлы коронавирус инфекциясы салдарынан өмірден өтті. Оның қазасы жақындары, әріптестері мен өмірінің қырық жылдан артық уақытын арнаған бүкіл жүйе үшін орны толмас ауыр қайғы болды.
Бүгінде әділет генерал-майоры Бауыржан Бердалинді еске ала отырып, біз бір ғана адам туралы емес, сонымен қатар тұтас дәстүр – ар-намыс, сабақтастық, офицерлік бауырластық дәстүрі туралы құрметпен айта аламыз. Оның есімі Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесінің келешегін қалыптыстыратын және қызмет етіп жүрген жас мамандар үшін үлгі алатын тұлғаларының қатарында тұруға әбден лайықты.
Нұртай ИМАНҒАЛИЕВ,
отставкадағы аға әділет кеңесшісі