Елордада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жылдық қорытынды құрылтайы өтіп, басшысы Рауан Кенжеханұлы осы жылға арналған іс-қимыл жоспары аясында атқарылған жұмыстарды баяндады. Құрылтайға Президент көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, Парламент депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайшылары, Орталық кеңес мүшелері, қор демеушілері, өңірлік филиал төрағалары мен делегаттар қатысты.
Рауан Кенжеханұлының айтуынша, кейінгі үш жылда 60-тан аса, ал биылдың өзінде аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейдегі 25-ке жуық іс-шара өткізіліп, қазақ тілінің мәртебесін арттыру мен қолданыс аясын кеңейту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылған.
– Біз үшін қазақ тілін оқытудың әдістемесі мен тәжірибесін жетілдірудегі аса маңызды бағыттың бірі – білім беру жүйесіндегі оқыту әдістемесі. Осы бағытта бірқатар жұмыс істелініп жатыр. Форумдар өткізіп, мұғалімдермен тікелей жұмыс істейміз. Екінші бағыт – қазақ тілін заманға сай мазмұнмен байыту. Оның аясында балаларға қажетті әдебиет, мультфильм, кинодан бастап, ғылыми, іскерлік әдебиеттерді барынша көбейтуге тырысамыз. Үшінші бағыт – тілді қазіргі жаһандық технологияларға жақындату, осы үрдіске қосу. Айта берсе, шаруа көп, бәрі маңызды. Бірақ біз өзіміздің қауқарымызға қарай алдағы уақытта дәл қазір өзекті болып көрінген осындай үш бағытта таңдап алып, жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
Оның айтуынша, биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ақынның академиялық жинағы қазақ, ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жарияланды. Бұған қоса ана тіліміздің рухани мәртебесін көтеретін бірқатар кітап аударылып, басылып шықты.
«Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен Disney және Pixar студиялары танымал фильмдерін қазақ тіліне дубляждау дәстүрін жалғастырды. Биыл «Ақшақар», «Элио», «Лило мен Стич», «Аңдар шаһары 2» сияқты танымал туындылары кассалық табыс көрсеткіштері бойынша рекорд жаңартты. Мәселен, қарашаның 27-сі күні таныстырылған «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмі алғашқы аптада-ақ Қазақстан мен Орталық Азияда жалпы табыстың 15,5 пайызын қазақша нұсқа есебінен жинады.
Биыл алғаш рет «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасы ұйымдастырылыпты. Олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 5 мың оқушы қатысып, ақтық сынға 64 команда өтті. Жеңімпаз 8 оқушыға жетекші жоғары оқу орындарының гранттары табысталды. Сонымен қатар «Жарқын болашақ» шығармашылық олимпиадасы жалғасын тауып, үздік оқушыларға білім гранттары ұсынылды.
Сонымен қатар қоғам басшысы Президенттің АҚШ-қа ресми сапары кезінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «OpenAI» компаниясының ChatGPT-дің қазақ тіліндегі мүмкіндіктерін дамыту туралы келісім жасалғанын атап өтті.
Құрылтай барысында «Qazaq Tili Endowment Foundation» қорының қызметі, жарна туралы, қоғам атынан берілетін марапаттар ережесі және өңірлік филиал төрағаларын сайлау ережелері таныстырылды.
Рауан Кенжеханұлы алдағы кезеңде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру, оқу сауатын күшейту, бизнесте, IT саласында және қоғамдық өмірде қазақ тілін кеңінен қолдану, сондай-ақ қазақ тілді контентті цифрлау жұмыстарына ерекше басымдық берілетінін атап өтті.
Құрылтайда Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп сөз сөйлеп, қазақ тілін дамытудағы және мәдени бірегейлікті нығайтудағы өткен жылдың нәтижелерін атап өтті.
– 2025 жыл – қазақ тілі мемлекеттік және қоғамдық деңгейде ерекше назар аударылған кезең. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін дамыту ең маңызды ұлттық басымдықтардың бірі екенін атап көрсетті. Оның уақыт өте келе қазақ тілі ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналады деген ұстанымы ел болашағының стратегиялық пайымын көрсетеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы тілді ғылымға, бизнеске, технологияға, медиа мен цифрлық ортаға кіріктіру қажеттігін айтады. Тіл тек рәміз емес, қарым-қатынастың, шығармашылықтың және кәсіби дамудың толыққанды құралы болуға тиіс, – деді Н.Жүсіп.
Іс-шара ұйымның алдағы жылға арналған жоспарын, қазақ тілінің өмірдің түрлі саласындағы орнын нығайту жөніндегі бұдан былайғы қадамдарын талқылаумен аяқталды.