"Қазгидромет" мамандары 2025 жылғы 12 желтоқсан, жұма күніне арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер қай өңір тұрғындарына қолайсыз ауа райына дайын болу керегін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік-батыс циклонының ойысы мен оған қатысты атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің басым бөлігінде қар жауады. Батыс пен оңтүстікте жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түсіп, жел күшейіп және тұман түседі.
"Солтүстік, шығыс және оңтүстік облыстардың таулы аймақтарында боран болады, ал оңтүстікте, батыста және орталық өңірлерде көктайғақ болуы мүмкін", — деп мәлімдеді "Қазгидромет" баспасөз қызметі.
Сонымен қатар солтүстік антициклонның ықпалымен елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
Синоптиктер Жетісу облысындағы Алакөл көлдері ауданын ерекше назарда ұстауды сұрайды: бұл жерде желдің жылдамдығы секундына 30 метрге және одан да жоғары деңгейге жетуі мүмкін.