Ақтаулық Бейсенбек Рысжанов пен Ляззат Абдашова адамгершілік пен мейірімділіктің жарқын үлгісін көрсетті. Ерлі-зайыпты балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бір үйдің бес баласын ажыратпай, бауырына басқан. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Бейсенбек Рысжанов пен Ляззат Абдашованың отбасылы болғаннан кейін үш жылдан соң тұңғышы дүниеге келген. Содан кейін ерлі-зайыпты сегіз жыл бойы сәбилі болуды армандаған. Осы кезеңде олар бала асырап алу порталына тіркеліп, ұсыныс түскенде бес бауырды бірге асырап алуға шешім қабылдаған.

Бүгінде ақтаулық ерлі-зайыпты өзінің туған үш баласымен бірге, бес баланы бауырына басып, сегіз баланы тәрбиелеп отыр.

Ляззат Абдашовның айтуынша, бауырларды бір-бірінен ажыратқысы келмеген.

"Бұл балалар бір-бірінен ажырамауы керек деп санадым. Бастапқыда үлкенін басқа отбасыға бермек болғанын естіп, барлығын бірге алуға өтініш білдірдім. Бесеуі де отбасымызға тез үйренісіп, бір-бірімен тату болып кетті. Балалардың жастары қатар болғасын бір-бірімен ойнап жақсы уақыт өткізеді. Балалар бірден мама деп атады. Қазір бәрінің жағдайы жақсы, біз өте бақыттымыз", — деді Ляззат Абдашова.

Көпбалалы отбасы балаларының жағдайын жақсарту үшін пәтер де сатып алған.

"Өзіміз бес бөлмелі пәтерде тұрамыз. Бұл балалар да өзіміздің балалармен тең болсын деп үстіміздегі жоғарғы қабаттан төрт бөлмелі пәтер сатып алдық. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, екі пәтерді баспалдақ арқылы біріктіріп, әр балаға жеке бөлме жасауды жоспарлап отырмыз", — деді Ляззат Абдашова.

Айта кетейік, Бейсенбек Рысжанов пен Ляззат Абдашов бауырына басқан бес балының үлкені –15 жаста, кенжесі – 4 жаста. Бүгінде екі қыз бен алты ұл мейірімге толы отбасында өмір сүріп жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз