Қазақстан мен Қытай компаниясы энергетика саласындағы серіктестікті нығайтуға келісті. «Zhongyoung Power (Yunxi) Group Co., Ltd.» елдің электр желілерін жаңғырту жобаларына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.


Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек қытайлық «Zhongyoung Power» компаниясының бас директоры Ли Цзяньцзянмен кездесті. Кездесу барысында қытайлық тарап Қазақстандағы электр энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысуға ниетін жеткізді.

Министрліктің мәліметінше, компания «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасына қатысуға мүдделі.

«Бұл бағдарлама аясында жөндеуді, жаңартуды және қайта құруды қажет ететін нысандардың кең тізімі айқындалған. Ли Цзяньцзян атап өткендей, «Zhongyoung Power» компаниясы мемлекеттік-жекешелік серіктестік (МЖС) және тарифтік модель арқылы инвестицияны қайтару сияқты халықаралық тәжірибеде қолданылатын қаржыландыру тетіктерін қарастыруға дайын. Сонымен қатар ол жобаларды іске асыру кезінде Қазақстанда өндірілген жабдықтар мен трансформаторларды пайдалануға ниетті екенін айтты», делінген хабарламада.

Кездесу барысында тараптар қосалқы станцияларды жаңарту, ескі жабдықтарды алмастыру, жаңа трансформаторлық қуаттар салу және орта және жоғары кернеулі желілерге заманауи шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін талқылады.

Әлібек Қуантыров энергетика секторын жаңғырту стратегиялық басымдық екенін атап өтті. Ол МЖС және тарифтік тетіктерді қолдану арқылы халықаралық тәжірибесі бар сенімді серіктестерді тарту мүмкіндігін атап, сондай-ақ кейбір жабдықтарды Қазақстанда өндіру және ұзақ мерзімді жобаларда жергілікті кәсіпорындармен кооперация құруды ұсынды.

Мадияр Сұлтанбек өз кезегінде мемлекеттік қолдау құралдары мен энергия желілерін жаңғыртудың ұлттық және өңірлік бағдарламаларына қатысу жолдарын таныстырды. Ол энергия тиімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған ұсыныстарды қарауға дайын екенін айтты.

Кездесу соңында тараптар өндірісті локализациялау мен жобалардың техникалық параметрлерін бағалауды қоса алғанда, ықтимал ынтымақтастық нысандарын талқылауды жалғастыруға уағдаласты. Сонымен қатар Қытай делегациясына Энергетика министрлігімен жеке кездесу ұйымдастырылып, салалық талаптар мен инфрақұрылымдық қажеттіліктер талқыланды.