Қазақстандық сотта медициналық диагнозына байланысты көлік жүргізу құқығынан айрылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Маңғыстау аудандық сотында Маңғыстау облысының полиция департаментінің өңір тұрғынына қатысты көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату туралы талап арызы қаралды.
"Сотта анықтағандай, жауапкер "Психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар – G07.0" диагнозымен психоневрологиялық есепте тұрады. Аталған диагноз автокөлік басқаруға тыйым салады. Осыған байланысты, талапкер азаматқа 2018 жылғы 7 маусымда берілген RS №061890 көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуды сұраған",- делінген ақпаратта.
Қазақстан Республикасының "Жол жүрісі туралы" Заңы және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен бекітілген медициналық қарсы айғақтар тізбесіне сәйкес, көрсетілген диагноз көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі болып табылады.
"Жол қозғалысы қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерді ескере отырып, сот талап арызды қанағаттандырып, жауапкердің көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатты". Маңғыстау аудандық сотының баспасөз қызметі
Шешім заңды күшіне енді.