IQanat жобасының ерекшелігі – түлектерді оқу аяқталғаннан кейін де қауымдастық жұмысына белсенді тартуында.


Ауыл оқушыларының жоғары білімге қолжетімділігін арттыруды мақсат еткен IQanat қоры биыл олимпиададан кейінгі сүйемелдеу бағдарламаларын күшейтті. Соның ішінде ең маңызды бағыттардың бірі – NUET, яғни Назарбаев университетіне дайындық курсы.

Ауылдық мектеп түлектері үшін Назарбаев университетіне түсу әлі де үлкен сынақ болып қала береді. Әсіресе ағылшын тілін меңгеру деңгейінің төмендігі және дайындық стратегиясын білмеу негізгі кедергілерге айналған. Осыған байланысты IQanat биыл ауыл оқушыларын мақсатты түрде дайындауды өз міндетіне алып отыр. Сабақтарды IQanat түлектері – қазіргі NU студенттері жүргізеді. Олар өздері де ауылдан шыққандықтан, оқушыларға тиімді тәсілдерді үйретіп, нақты тәжірибесін бөліседі.

NUET бағдарламасының қатысушысы, Алматы облысынан шыққан Анель Ғалымқызы өз әсерін бөлісті.

"Арманым – Назарбаев университетінде оқу. Бізді оқытатын менторлар сол университетте білім алып жатыр. Сондықтан олар нақты талаптарды біледі, бұл бізге ең мықты ресурс пен мотивация", – деді Анель Ғалымқызы.


Оқи отырыңыз: Астанада аязға байланысты бастауыш сыныптар онлайн оқуға көшті


2024 жылы IQanat NU студенттерін дайындау көрсеткіші бойынша Қазақстандағы үздік бес мектептің қатарына енген.

Олимпиададан кейінгі сүйемелдеудің тағы бір бағыты – IELTS халықаралық емтиханына дайындық. Биыл бір айлық онлайн-интенсивтен кейін бірнеше ауыл оқушысы жоғары нәтиже көрсетіп, 6.0 және 7.0 балл жинады. Жетістікке жеткендер қатарында Алматы облысының Жібек жолы ауылынан Алтынай Дауылбай, Абай облысынан Идалия Насырова және Түркістан облысының Шаян ауылынан Айдынбай Айсұлтан бар.

IELTS емтиханында 7.0 балл алған Идалия оқу ортасының рөлін ерекше атап өтті.

"Хат жазу – ең әлсіз тұсым деп ойлайтынмын. Бірақ сабақ кезінде білімімді шыңдап, 7.0 балл жинадым". – Идалия Насырова.

Қазір ол мақсатты дайындықты жалғастырып, шетелдік университетке түсуге ниетті.


Оқи отырыңыз: Балалардың көзі нашарлап, өздері неге бүкірейіп барады және оған цифрлық технологиялардың қатысы қандай


IQanat жобасының ерекшелігі – түлектерді оқу аяқталғаннан кейін де қауымдастық жұмысына белсенді тартуында. Giving back қағидатына негізделген бұл жүйе аға буынның жаңа буынға қамқор болып, өз білімін бөлісуін қамтамасыз етеді. Соның бір мысалы – Peer-to-Peer бағдарламасы. Онда жоғары сынып оқушылары мен IQanat түлектері кіші сыныптағы ауыл балаларына тәлімгер болып, жыл бойы онлайн қолдау көрсетеді. Каникул кезінде олар өз ауылдарына барып, балаларға офлайн сабақ өтеді.