Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «гарантталған табыс», әлемдік IPO-ларға қолжетімділік және пассивті кіріс уәде ететін жарнама көбейіп келеді. Алайда мұндай ұсыныстардың басым бөлігі лицензиясы жоқ қаржылық алаяқтардың қитұрқы әрекетіне айналғандеп жазады Egemen.kz.


Мамандардың дерегінше, жалған брокерлер тек инвестиция иллюзиясын жасап, азаматтардың қаражатын алдап алып, кейін ізін жасырады. Олар танымал адамдардың дипфейктерін пайдаланып, қысқа уақыт ішінде жоғары табысқа сендіретін агрессивті жарнаманы қолданады.

Клиент байланыс нөмірін қалдырғаннан кейін «менеджерлер» асығыстық туғызу тактикасын қолданады: «акция аяқталуға жақын», «Қазақстан үшін лимит шектеулі» деген сияқты қысым көрсетеді.

Алаяқтар заңды брокерлердің сайттарын айнытпай жасайтын клондар немесе «инвестициялық платформалар» ашады. Онда пайдаланушы тек жалған, виртуалды табыстың өсіп жатқан графигін көреді. Қаражатты шешіп алуға әрекет жасағанда клиенттен комиссия, сақтандыру, «статус көтеру» сияқты желеулермен қосымша ақша талап етіледі. Максималды соманы алғаннан кейін алаяқтар жоғалып кетеді, сайттар өшіріледі, қаражат шетелдік немесе жалған тұлғалардың шоттарына түседі.

Қазақстанда кең тараған схемалар

Жалған IPO. Ірі компаниялардың биржаға дейінгі «жабық акцияларын» ұсыну. 2021 жылы Ақтөбе облысында Nike, Microsoft және Pepsi акцияларының жалған саудасы ашылған. Минималды салым – 1 000 доллар.

Instagram және Telegram-дағы жалған «инвестициялық желілер». Айына 30-50% табыс уәде етіп, қаражатты «куратордың» жеке картасына аудартқан. 2025 жылғы қазанда Қаржылық мониторинг агенттігі 100% табыс ұсынған схеманы тоқтатты. 117 адам зардап шеккен.

«Перспективалы токендер» мен «арбитраж арқылы табыс». Қаражатты алаяқтар шотына толықтыру ғана талап етіледі. 2025 жылдың қарашасында Warner Bros.-пен әріптестік ретінде көрсетілген қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы 5 жылға сотталды. 40 адам орта есеппен 225 мың теңгеден айырылған.

Қалай қорғануға болады

  • Қазақстандағы кез келген кәсіби бағалы қағаздар нарығы қатысушысының міндетті лицензиясы болуы шарт.

  • Гарантталған табысқа сенбеу керек. Жоғары пайда әрқашан жоғары тәуекелмен байланысты.

  • Ақшаны жеке тұлғаларға аудармау және белгісіз қосымшаларды «менеджердің өтінішімен» орнатпау.

  • Компанияның реквизиттері мен ресми келісімшартты талап ету.