Бұл қаланың 470 мың тұрғынын медициналық қызметпен қамтамасыз етеді.


2030 жылға дейін 11 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынады. Бұл туралы Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәслихаттың кезектен тыс сессиясында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қалада білім беру мен сауықтыру мекемелерінің желісін кеңейту жұмыстары жалғасатын болады. 5 жылда 16 балабақша пайдалануға тапсырылып, жекеменшік балабақшаларға 10 мың қосымша орынға мемлекеттік тапсырыс беріледі. Бұл 2030 жылға қарай балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды 99%-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді. 5 жыл ішінде оқушы орындарының тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету үшін "Алматы мектептерінің стандарты" негізінде 16 мектеп және мектептерге жапсарлас 8 қосымша құрылыс салынады", – деді қалалық Экономика және қаржы басқармасының басшысы.

Денсаулық сақтау саласында 2030 жылға дейін қаланың 470 мың тұрғынын медициналық қызметпен қамтамасыз ететін 11 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынады.

"3 перзентхана, 2 заманауи стационар, сондай-ақ, 250 орындық СПИД орталығы бар Хоспис салу жоспарланып отыр. Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында 4 негізгі стационарға ауқымды жаңарту жүргізіліп, 2 клиникалық аурухана қайта жөндеуден өтеді. 1,5 млн тұрғынды қамтитын 16 жаңа жедел жәрдем қосалқы станциясы салынады, бұл шұғыл медициналық көмектің сапасын айтарлықтай жақсартады. Кешенді жұмыстардың арқасында 2030 жылы алматылықтардың өмір сүру ұзақтығы 81 жасқа дейін артады", – деп атап өтті спикер.

Айта кету керек, бұған дейін Алматы экономикасында шағын және орта бизнес үлесі артатынын жазғанбыз. Алматы елдің жалпы ішкі өнімінің 23%-ын қалыптастырады. 2030 жылға қарай оңтүстік мегаполиске келетін туристер саны қаншаға артатыны белгілі болды.