Негізгі басым бағыт – "Шығыс" қақпасы және "Батыс" полиорталықтарын дамыту.
Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәслихаттың кезектен тыс сессиясында метрополитен желісі қалай кеңейтілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қала дамуының басты басымдықтарының қатарында метро желісін кеңейту, BRT және LRT бағыттарын іске қосу, сондай-ақ жаңа қоғамдық көлік түрлерін енгізу бар. Бүгінде жаңа LRT желісін іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол "Барлық" көлік-айырбас торабы мен "Шығыс қақпасын" байланыстыратын болады. Жоба 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады", – деді Бауыржан Құдайбергенов.
Экономика және қаржы басқармасының басшысының сөзінше, метрополитен желісі де кеңейіп жатыр.
"3 жыл ішінде "Қалқаман" станциясынан "Барлық" базарына дейінгі бірінші желі салынады. Бұдан бөлек "Жібек жолы" станциясынан әуежайға дейінгі метроның екінші желісінің құрылысын, "Сайран" станциясынан Алатау қаласына дейінгі үшінші желіні бастау көзделіп отыр. 2 жылда 42 BRT дәлізін құру жоспарланған. Сонымен бірге микромобильді инфрақұрылым да кеңейеді. Веложолдар, жаяу жүргінші бағыттары және жеке жеңіл көлік құралдарына арналған ыңғайлы маршруттар салынады", – деді ол.
Аталған жобаларды жүзеге асыру 2030 жылға қарай қоғамдық көліктің тәуліктік жолаушы ағынын 3 миллион сапарға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
"Қолайлы қалалық орта қалыптастыру – қала дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Құрылатын 5 қалалық полиорталық өз алдына дербес тартылыс нүктелері ретінде қалыптасып, тұрғындарды тұрақты инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Негізгі басым бағыттар "Шығыс" қақпасы және "Батыс" полиорталықтарын дамыту болады. Мұнда халықты тартатын маңызды нысандардың құрылысы жоспарлануда", – деді Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Алматы экономикасында шағын және орта бизнес үлесі артатынын жазғанбыз.
Алматы елдің жалпы ішкі өнімінің 23%-ын қалыптастырады. 2030 жылға қарай оңтүстік мегаполиске келетін туристер саны қаншаға артатыны белгілі болды.