Алматы тау кластерін дамыту жоспары аясында Алматыда жаңа жобалар пайда болады.
Алматыда спорт пен туризм саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды мәслихат сессиясында баяндады.
Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық деңгейдегі стадион құрылысы жалғасады. Қазір оның сыйымдылығын 35 мыңнан 45 мың орынға дейін арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Жоба 2027 жылдың соңында бітеді деп жоспарланған.
"Сондай-ақ "Медеу" мұз айдынындағы инженерлік коммуникацияларды толық ауыстыру арқылы жаңғырту жүргізіліп жатыр", – деді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар, оның айтуынша, 2025-2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр. Осы жоспар аясында туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.