Мемлекет басшысы «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевті қабылдады.
Кездесуде компанияның жыл басынан бергі жұмысы мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы талқыланды.
Лаврентьевтің айтуынша, соңғы екі жылда компания өндірісі айтарлықтай өскен:
-
болат шығару – 22%,
-
көмір концентраты – 26%,
-
темір кені – 32%.
Өнімнің өзіндік құны 28%-ға төмендеп, шығарылатын болат маркаларының саны 260-тан 350-ге дейін артқан.
Ол тоғыз ірі жобадан тұратын кешенді инвестициялық бағдарлама туралы да айтты. Жобалар металлургияны жүйелі дамытуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және жоғары сапалы болат түрлерін, соның ішінде атом электр станциясына арналған өнімдерді шығаруға бағытталған.
Көмір және тау-кен саласын дамыту, еңбек қауіпсіздігін күшейту және әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелері де сөз болды. Компания медициналық және білім беру мекемелерін жаңартып, кәсіподақтармен жаңа ұжымдық келісімшарт жасасқан. Құжат 35 мың қызметкерге әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етеді.
Qarmet жанынан шағын және орта бизнеске шикізатты терең өңдеу мүмкіндігін беретін металлургиялық кластер құрылуда. Жоба «Бәйтерек» ұлттық холдингімен бірлесіп іске асырылмақ. Сонымен бірге машина жасау кәсіпорындарының отандық болатты көбірек қолдануы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Президент компанияның металлургия саласын дамытудағы жетістіктеріне оң баға беріп, жоспарланған бастамаларға қолдау білдірді.