Қалалық прокуратура мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізген.


Тексеру барысында 2020 жылдан 2025 жылдың шілдесіне дейін Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында III және IV сатыдағы ауру бойынша есепте тұрған 49 қала тұрғынының құқықтары бұзылғаны анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Атап айтқанда, онкологиямен ауыратын науқастар мүгедектік тобын анықтау үшін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберілмеген. Осылайша олар мүгедектікті рәсімдеу және тиісті мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар алу мүмкіндігінен айырылған.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша 49 адам медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде қазан айынан бастап оларға I-ден III топқа дейін мүгедектік тағайындалып, кейіннен мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік берілді.

Жол берілген заңбұзушылықтар үшін 5 дәрігерлік-консультациялық комиссия төрағасы түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.