Комитет басшысы сұхбат берген.


Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқанның салдары туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kg-ге сілтеме жасап.

Комитет басшысы дүниежүзілік жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай сұхбат берген. Ташиевтің сөзінше, жылдар бойы атқарылған жұмыстың ең басты нәтижесі – елде заңдылықты орнату.

"Ташиев келсе, адамдар қорқып, жұмыс істей бастайды деп айтылады. Бірақ негізгі әсер менің тегіме байланысты емес, заңның жұмыс істей бастағанын білдіреді. Біздің бұған күшіміз де, саяси ерік жігеріміз де жетті", – деді Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы.
Камчыбек Ташиев бұл күресте достарынан айырылып, отбасының бір бөлігімен қарым-қатынасы бұзылғанын да жеткізді.

"Өз туыстарымды түрмеге отырғыздым. Қазір менің құдағиым 2020-2023 жылдары жасаған қылмыстары үшін Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторында отыр. Маған туған ағам, басқа туыстарым келіп, бәрі оны босатуды сұрады. Бірақ мен бұған жол бермедім. Құдағи жазасын өтеуі тиіс. Егер біз оны босатсақ, адамдар маған сенуді қояр еді", – деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек шенеуніктің туған ағасының ұлы жол полициясы қызметкерін балағаттағаны да белгілі болды.

"Ол қамауға алынды. Егер мен жиенімді босатқанымда, ертең басқалар әкімді, прокурорды немесе кез келген басқа шенеунікті балағаттауы мүмкін еді. Бұл бүлікке әкеледі. Мұны болдырмас үшін марқұм ағамның ұлын қамауға алуға тура келді. Қазір оның барлық туыстары мені жек көреді. Бірақ мен не істей аламын? Маған мемлекеттегі тәртіп керек", – деді Ташиев.

Комитет басшысының айтуынша, өзіне де, оның отбасына да қауіп төнеді.

"Сыбайлас жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыспен күресте әрдайым тәуекел бар. Себебі біз бір топқа қарсы емес, өте үлкен адамдар тобына, тұтас бір дәуірге қарсы күресеміз", – деп түйіндеді ол.