Бұл ауа сапасын бақылауға арналған жылжымалы пункт.


Бүгін Өскеменде мобильді экозертхана сынақ режимінде өз жұмысын бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Құны 65,5 млн теңге болатын заманауи зертхана жаңа жоғары дәлдікті жабдықпен қамтамасыз етілген. Оның құрамында 11 параметр бойынша негізгі ластаушы заттарды анықтауға мүмкіндік беретін газ анализаторы бар. Электрохимиялық әдістердің көмегімен өлшеулер жылдам әрі дәл жүргізіледі. Сонымен қатар экозертхана төрт метрлік метеостанциямен жабдықталған.

Енді қала тұрғындарында ауа сапасына қатысты сұрақтар туындаса, мамандар кез келген ауданға жедел шығып, нақты уақыт режимінде өлшеу жүргізе алады. Зертхана ластану деңгейін анықтап, деректер бірден кәсіпорындар мен экологияны қорғау прокуратурасына жолданады.

Жылжымалы экозертхана қалалық мониторинг жүйесінің маңызды элементіне айналып, Өскемендегі ауа сапасын бақылауды бұрынғыдан да тиімді әрі ашық етеді.