Аймақта ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші бір аптада 61% төмендеді.


Солтүстік Қазақстан облысында жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралу қарқыны айтарлықтай бәсеңдеді. Өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 61 пайызға азайғанын облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, соңғы жеті күнде өңірде 3 647 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,6 есе төмен. Мамандар мұны шектеу шараларының, профилактикалық жұмыстың және тұрғындардың сақтыққа деген жауапкершілігінің нәтижесі деп отыр.

Санитар дәрігерлер биылғы эпидемиологиялық маусым басталғалы 30 мыңға жуық адам ЖРВИ-мен ауырғанын, бұл өткен жылғы деңгейге сәйкес келетінін атап өтті. Айтарлықтай өсім байқалмаған.

ЖРВИ жұқтырғандардың басым бөлігі – балалар. Ауруға шалдыққандардың 68 пайызы немесе 20 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер.

"Бұл жыл сайын байқалатын жағдай. Балалар вирустық инфекцияларға ересектерге қарағанда әлдеқайда сезімтал келеді", – дейді санитар мамандар.


Оқи отырыңыз: Гонконг тұмауы: Ыстықты қалай түсіреміз және оны Осельтамивир расымен емдей ме


Өңірде қараша айының басында тұмаудың алғашқы деректері тіркелсе, қазір науқастар саны 124 адамға жеткен. Облыста A/H3N2 ("гонконг тұмауы") штамы айналымда жүр.

"Тұмау негізінен ересектер арасында таралып жатыр: 100 адам ауырды, ал балалар арасында 24 жағдай анықталды", – деп нақтылады департамент.

Сонымен қатар, тұмауға жатпайтын вирустар да белсенді таралуда. Соңғы аптада 19 адам риновирус, алты адам бокавирус, төрт адам аденовирус жұқтырған.

Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, қажет болған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге және қатерлі топтағы азаматтарға вакцинацияны назардан тыс қалдырмауға шақырады.