Біржолғы зейнетақы төлемдерін пластикалық операцияларға пайдалану жүйесінде бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Data Hub арнасының мәліметінше, тек қараша айында ел тұрғындары пластикалық хирургия үшін 2 277 өтінім қалдырған. Бұл қызмет түрі бұған дейін сұраныстың төмен болуымен сипатталса, өткен айда жағдай түбегейлі өзгерді.
Аналитиктердің айтуынша, қарашада пластикалық операциялар үшін игерілген қаржы көлемі 2,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш қазан айымен салыстырғанда өтінім саны бойынша 33 есе, ал жалпы сома бойынша 39 есе көп.
Бағдарлама іске қосылғаннан бері пластикалық операцияларға жіберілген өтінімдердің жиынтық саны қарашаға дейін 1,6 мыңнан аспаған еді.
Мамандар мұндай өзгерісті стоматологиялық қызметке өтінім қабылдаудың тоқтатылуымен байланыстырады.
Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап «Отбасы банк» тіс емдеуге арналған өтінімдерді қабылдауды тоқтатқан болатын. Бұған дейін бұл бағыт зейнетақы төлемдерін медициналық мақсатта пайдалану бойынша ең танымал сала болған, алайда заңсыз фактілер анықталғаннан кейін шектеу енгізілді.
Бірақ бұдай кейін көз емдетуге сұраныс күрт артып, күдік тудырған жағдайлар көбейіп, бұл бағытқа да шектеулер қойылды. Соған қарамастан қараша айында офтальмологиялық қызмет бойынша 9,8 мың өтінім орындалып, 8,4 млрд теңге игерілген.
Data Hub өкілдері тіс емдету бойынша қайтарымдардың әлі де жалғасып жатқанын, ал пластикалық операцияларға қатысты мұндай жағдай әзірге өте аз екенін атап өтті.