Мәскеудегі Жеңіс мұражайы жанындағы "Поклонка" кинотеатрында "Цитадель" деректі фильмінің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Фильм Брест қамалының қаһарман қорғаушысы Қасым Жарменов туралы баяндайды. Цитадельдің басқа қорғаушыларымен бірге ол 1941 жылы 22 маусымда алғашқы шабуылды қабылдады, соғыста тұтқынға алынып, нацистік концлагерьлердің бүкіл қасіретін бастан өткерді. Жау лагерінен қашып шығып, кейін 1945 жылдың мамырына дейін Чехословакиядағы партизандық қозғалыс қатарында болды. Соғыстан кейін Шымкентке оралып, мектеп мұғалімі болды.
80 жылдан кейін оның немересі Денис пен шөбересі Тимур ата-бабасы ерлік жасаған жерге барып қайтты. Олар Брест қамалының аумағынан бір уыс топырақ алып, Қасым Жарменовтың қабіріне апарды. Осы сапардың негізгі оқиғалары аталған фильмнің сюжет желісіне негіз болған.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев жауынгердің туыстарының жобаға қатысуын ұрпақтар байланысының ажырамастығының және Брест қамалы қорғаушыларының өлшеусіз ерлігінің айғағы деп атады. Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысы туралы деректі фильм тарихи естелікті сақтауда және жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, майданда және тылда болған оқиғаларды тереңірек түсінуге көмектеседі, сарбаздардың батылдығы мен жанқиярлығын көрсетіп, тарихи шындықты ашуға және сол дәуірдің трагедиясы мен қаһармандығынан сабақ алуға мүмкіндік береді.
Жоба авторы, "Скайфест" кинокомпаниясының бас директоры Алексей Никулиннің айтуынша, "Цитадель" атауының қос мағынасы бар — қамал мен отбасы. "Батыр ата-бабасының ізімен жүріп өту біздің кейіпкерлеріміз үшін отбасы тарихын да, өздерін де тереңірек түсіну жолы болды. Фильм әкелер мен балалар арасындағы бітпейтін проблеманы қозғайды, және кейіпкерлер оны өз жолдарымен жеңеді", — деп сипаттады А.Никулин.
Художественная литература" баспасының бас редакторы Георгий Пряхин Бауыржан Момышұлының "Психология войны" және Ресей Бас штабының Әскери академиясының докторанты Әсет Аккузиновтың Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі туралы "Плечом к плечу" атты жаңа жарық көрген кітаптарын ұсынды. Бұл кітаптар Елшіліктің қолдауымен жарық көрген. Сондай-ақ, Г.Пряхин жақын арада көрнекті қазақ жазушысы, майдангер Әбдіжәміл Нұрпейісовтың "Курландия" романының шығатынын жариялады. "Бұл шығарма соғыстан кейін жазылған және орыс тілінде әлі шықпаған. Роман өте талантты жазылған нағыз лейтенант прозасы", — деп атап өтті Г.Пряхин.
Рәсім соңында оның жүргізушісі, танымал қазақстандық әнші Наргиз Жолымбетова "Бессмертный полк" әнін орындады.