Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстан мен АҚШ-ты байланыстыратын тікелей әуе рейсін ашу жұмысы неге кешеуілдеп жатқанын түсіндірді.
«Иә, мұндай міндет бар. Бірақ тікелей ұшу солтүстік полюс арқылы, сәйкесінше Ресейдің әуе кеңістігі арқылы өтеді. Мұндай алыс қашықтыққа ұшу үшін жаңа буындағы Boeing Dreamliner ұшағы қажет», – деді Сауранбаев үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Алайда бұл лайнерлерді жеткізу мерзімі кейінге шегеріліп жатыр.
«Boeing пен Airbus компанияларында тапсырыстар шамамен 14 жылға жоспарланған. Қазақстанға 2026 жылы келуі керек болған ұшақ енді тек 2027 жылы жетеді», – деп атап өтті министр.
Тікелей бағыттың ашылу мерзімін созбау үшін АҚШ-қа Лондон арқылы уақытша маршрут нұсқасы қарастырылып жатыр.
«Қазір Air Astana Лондонға дейінгі рейсті, одан әрі борт ауыстырмай Америкаға ұшатын нұсқаны пысықтап жатыр. Бұл – қажетті қашықтықты еңсеретін ұшақ келгенге дейінгі аралық кезең», – деді Сауранбаев.