Ақмола облысында тұтынушыларға 82 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Жыл басынан бері Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардан түскен 983 өтінішті қарастырды. Өтініштердің 80 пайыздан астамы тұтынушылардың пайдасына шешіліп, тұрғындарға жалпы көлемі 82 млн теңгеден асатын қаражат қайтарылған. Бұл туралы департамент баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай нәтижелер департаменттің жүйелі жұмысының және дауларды сотқа дейінгі тәртіппен шешуге басымдық беруінің жемісі. Бұл тәсіл азаматтардың құқықтарын тез қалпына келтіруге және келтірілген зиянды дер кезінде өндіруге мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Қытайда 156 млн доллар пара алған компания басшысы өлім жазасына кесілді
Хабарламада бірқатар нақты мысалдар келтірілген.
"Мәселен, облыс тұрғынына құны 8,1 миллион теңге болатын қолданылған автокөлікке қатысты шағымды дұрыс рәсімдеу арқылы ақшасын толық қайтаруға қолдау көрсетілді. Тағы бір тұрғын жаңа автокөліктен ақаулар анықталған соң сатып алудан бас тартып, 28,3 миллион теңгені толық көлемде қайтарып алды. Департаменттің араласуы тұрмыстық тауарлар мен электроника саласында да шешуші рөл атқарды. Құны 1 000 200 теңге болатын жиһаздың кешіктірілуі мен сапасыз жеткізілуінен зардап шеккен облыс тұрғынына мамандар толық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде кәсіпкер кемшіліктерді толығымен жойды", – делінген ведомство хабарламасында.
Департамент өңір тұрғындарына тауар сатып алу немесе қызмет көрсету саласындағы кез келген құқық бұзушылық жағдайында уақтылы жүгінуді ұсынып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасатынын атап өтті.