«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Үкімет отырысында ақылы автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.


Ол биыл ұзындығы 1,7 мың шақырым болатын 9 жаңа жол учаскесі іске қосылғанын айтты.

«Осылайша ақылы учаскелердің жалпы саны 26 бірлікке, ал ұзындығы 4 900 шақырымға жетті. Осы жылдың 11 айында ақылы жолдардан 79 млрд теңге түсті», деді Дархан Иманашев.
Бұл қаражатқа ұзындығы 4,9 мың шақырым 26 ақылы учаскені күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу, ақы алу жүйесінің инфрақұрылымын қамтамасыз ету, сондай-ақ соңғы жылдары 1 мыңға жуық жол-пайдалану техникасы сатып алынғаны, инвестор шығындарын өтеу және өзге де әкімшілік шығыстар жүзеге асырылғаны айтылды.
Сонымен қатар Дархан Иманашев автожол құрылысына жаңа технологияларды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтып өтті. Оның айтуынша, жаңа учаскелерде құрылыс нысандарын ақпараттық модельдеу технологиясы қолданылады. Кепілдігі бар учаскелерде жасанды интеллект арқылы жол жамылғысындағы ақауларды автоматты анықтау жүйесі пайдаланылады.
«Орындалатын жұмыстар мен қолданылатын жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылауға ерекше көңіл бөлінеді», деді Д.Иманашев.
Спикер бұл бағытта келесі цифрлық шешімдер қолданылып жатқанын айтты:
  • «Q-RAM» жүйесі – қайта жаңғырту, орташа және күрделі жөндеу нысандарындағы жұмыстың барысын бақылау;
  • «KazRoadLab» – зертханалық сынақ нәтижелерін нақты уақыт режимінде бақылау;
  • «Smart Road Diagnostic System» – GPS координаттарымен жасанды интеллект алгоритмдері негізінде жол төсемінің жай-күйін талдау;
  • «Цифрлық теңге» механизмі – шығыстардың ашықтығын қамтамасыз ету.

Айта кетейік, бұған дейін биыл елімізде 13 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылғанын жазған едік.