Себебі украиналық дрондардың шабуылы КҚК құбырының өткізу мүмкіндігін азайтып жіберген.


Қазақстан желтоқсан айында Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) құбыры арқылы тасымалданатын мұнай көлемін арттырады. Осы саладағы 5 дереккөздің мәліметінше, мұндай шешім еліміз үшін басты экспорттық бағыт саналатын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) украиналық дрондардың шабуылынан зақымданып, өткізу мүмкіндігін азайтқаннан кейін қабылданып отыр.

КҚК мұнай құбыры арқылы қазақ мұнайының 80 пайызы экспортталып, әлемдік энергетикалық шикізаттың 1 пайызы тасымалданады. Өткен айдың соңында бұл құбыр Ресейдің Новороссийск порты маңындағы қаратеңіздік терминал айлағы зақымданғанда, жұмысын аз уақытқа тоқтатуға мәжбүр болды.

Өткен дүйсенбіде КҚК жалғыз жұмыс істеп тұрған бірнүктелі айлақ арқылы жүк тиеуді қайта жандандырды. Алайда экспорт көлемі кеміді. Терминалдағы үшінші айлақ болса, жоспарлы жөндеуден өтіп жатыр.

"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, КҚК бұл жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауға тырысып жатыр.

Жалпы алғанда, Қазақстан желтоқсан айында өзінің Каспийдегі портынан Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы мұнай экспортын 188 мың тоннаға (тәулігіне 47 мың баррель) дейін арттыруды көздеп отыр. Екі дереккөздің сөзінше, бұл – қарашадағы көрсеткіштен 30 пайызға жоғары. 188 мың тоннаның 170 мыңы "Теңізшевройл" компаниясына тиесілі болса, 18 мыңы Қарашығанақ кенішінен алынбақ.

Алайда Ақтау портының сыйымдылығы мен мұнай сапасына қойылатын талаптарды ескерсек, БТД арқылы жеткізу көлемі біршама шектеулі.

Қазақстандық өндірушілер, сонымен қатар, KEBCO брендімен Ресейдің Новороссийск және Усть-Луга порттарына, сондай-ақ Германияға "Дружба" құбыры арқылы мұнай тасымалдайды. Бірақ бұл бағыттар төмен маржа ұсынады және ресейлік құбыр операторы "Транснефтьтің" өткізу мүмкіндіктеріне көбірек тәуелді.

ТШО компаниясы БТД арқылы мұнай экспортын қараша айында қайта жандандырды. Оған дейін әзербайжандық мұнай құрамынан органикалық хлорид көп табылғандықтан, бұл құбырмен бірнеше ай бойы көмірсутегін тасымалдау мүмкін болмады. Ал қазан айында "ҚазМұнайГаз" басшысы Асхат Хасенов мәлімдегендей, мемлекеттік компания БТД арқылы экспортталатын мұнай көлемін қазіргі 1,2 млн тоннадан 2026 жылы 2,2 млн тоннаға дейін арттыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

Негізінен Теңіз бен Қашаған кеніштерінде өндірілген қазақ мұнайы танкерлермен Ақтаудан Бакуге жеткізіліп, содан кейін БТД құбырымен Түркияның Джейхан портына тасымалданады.