Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.
Қазақстан желтоқсанда Қытайға 50 мың тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Reuters екі дереккөздің мәліметіне сүйене отырып жазған материалында: "Каспий құбыр желісі консорциумы дрондар шабуылынан зақымданып істен шыққандықтан, Қазақстан Қашағанда өндірілген мұнайдың бір бөлігін тікелей Қытайға сатпақ", – делінген.
Себебі, КҚК арқылы батысқа қарай мұнай экспорттау шектелді. Қазіргі таңда консорциум мұнай айдау құрылғысының біреуін пайдаланып отыр. 3 құрылғының бірі дрондар шабуылынан зақымданса, тағы біреуі жөнделіп жатыр.
Қашаған мұнайы Қытайға Атасу-Алашанькоу құбыры арқылы жеткізіледі. Кен орнында мұнайды NCOC консорциумы өндіреді. Оның құрамындағы CNPC Қытай компаниясы 30 мың тонна, ал Inpex жапон компаниясы 20 мың тонна мұнайды Қытайға жөнелтеді.
Еліміздің энергетика министрлігі әзірге Қашаған мұнайын Қытайға жөнелту туралы мәлімет жарияламады, бірақ қосымша бағыттар іздестіріп жатқанын хабарлады.
Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры Қазақстаннан Қытайдың Шыңжаң өлкесіне дейін созылып жатыр. Онымен негізінен басқа да кен орындарындағы мұнай экспортталады. Ал Қашағанда шығарылған шикізаттың көп бөлігі КҚК арқылы батысқа тасылады.
Reuters мәліметінше, қазір Атасу-Алашанькоу құбыры арқылы бір айда шамамен 85-89 мың тонна мұнай ағып жатыр. Оның көлемі қосымша экспорт есебінен көбеюі мүмкін. Қазақстан 2025 жылы осы құбырмен 1 млн тонна мұнай сатуды көздейді. Былтыр Атасу-Алашанькоу арқылы 1,2 млн тонна шикізат тасылған.