2025 жылы суару маусымы қалай өтті: Нәтиже жарияланды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов 2025 жылғы вегетация кезеңінің қорытындысы мен су шаруашылығы саласындағы жағдай туралы баяндады.

Комитет басшысының айтуынша, елімізде судың ең ірі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы саласы.

Жалпы су алудың 60 пайызы аграрлық секторға тиесілі, оның 77,6 пайызы тұрақты суару қажеттіліктеріне жұмсалған. Негізгі су тұтыну көлемінің басым бөлігі, яғни 98 пайызға дейін, бес оңтүстік өңірге – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі, – деді министрлік өкілі.

Нұрымбетовтің айтуынша, биыл вегетация маусымы күрделі климаттық жағдайда өтті. Көктемде температураның әдеттен тыс жоғары болуына байланысты суару маусымы орташа мерзімінен 20 күн бұрын басталған.

Республика бойынша вегетация кезеңінің қорытындысында 1,2 млн гектар жер суарылып, жалпы су алу 11,01 млрд текше метрді құрады.

Алматы және Жетісу облыстарын бірге алғанда 268 мың гектардан астам жер суарылды. Оның ішінде Алматы облысында – 151 мың гектар, Жетісуда – 136 мың гектар жер сумен қамтылды.

Жамбыл облысында Талас өзенінің бассейніндегі егістік алқаптары Қырғызстанмен келісілген кесте бойынша Шу және Талас өзендері арқылы сумен қамтамасыз етілді. Суару маусымында облыста 78 мың гектар жер суарылып, шамамен 1 млрд м³ су алынды.

Қызылорда облысында суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі Сырдария өзені бассейніндегі ағымдағы су жағдайына байланысты болды. Вегетация кезеңінде 186,6 мың гектар жер суарылып, 3,5 млрд текше метр су пайдаланылды.

Түркістан облысында суару алаңы 458 мың гектарды құрап, алынған су көлемі 3,5 млрд текше метр болды.

Комитет төрағасы оңтүстік өңірлердегі су қоймалары қазір жинақтау режимінде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Комитет басшысының айтуынша, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында алдағы суару маусымына дайындыққа арналған арнайы кеңес өткен.

Кеңесте шаруалар мен жергілікті атқарушы органдарға келер жылы күтілетін су көлемі және су ресурстарының азаюының ықтимал салдарын төмендету шаралары түсіндірілген.

Қазақстан және Орталық Азия елдері мамандарының болжамы бірдей: келесі вегетация маусымында су көлемі соңғы жылдармен салыстырғанда азаюы мүмкін. Бұл жағдай әсіресе оңтүстік өңірлерге қосымша қауіп төндіреді, себебі дәл осы аймақтарда су тапшылығы байқалуы мүмкін, — деді Сейілбек Нұрымбетов.

Су тапшылығы тәуекелін азайту мақсатында Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылмақ.

Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың мамандары бірлесіп, алдағы маусымда қолжетімді су көлеміне қарай ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемдерін қайта қарау, оларды оңтайландыру бойынша нақты шараларды іске асырады.