Астана халықаралық форумында сөз сөйлеген Жаһандық жасыл өсу институтының (GGGI) президенті, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун климаттың өзгеруіне қарсы күресте өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Біз – үкіметаралық институт ретінде түрлі елдермен, соның ішінде Қазақстанмен тығыз жұмыс істейміз. Қазір ұйымға Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және жақында ғана Тәжікстан қосылды. Бұл – өңірлік ынтымақтастықтың нақты белгісі, – деді ол.

Оқи отырыңыз:

  • Тоғыз елдің арсеналында 13 мың ядролық оқтұмсық бар – Тоқаев
  • Президент: міндетіміз – орта тапты нығайту

Пан Ги Мун климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның деградациясы – бір ғана елдің шешіміне бағынбайтын, ауқымды әрі шекара атаулыны елемейтін жаһандық мәселе екенін ескертті.

Қаншама ресурсы мен әлеуеті болса да, ешбір мемлекет бұл күресті жалғыз жүргізе алмайды. Сондықтан өңірлік деңгейде біріккен іс-әрекет қажет. Мен Орталық Азия елдері арасындағы жасыл ынтымақтастықты көріп қуандым. Бұл, әсіресе, сәуірде Самарқандта өткен климат форумында айқын байқалды. Онда елдер өзара бірлік пен тарихи тұтастық танытты, – деді GGGI президенті.

Ол Жаһандық жасыл өсу институтының Қазақстан үкіметімен тығыз жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Елдегі жасыл инвестицияға негізделген бастамалар төмен көміртекті экономика құру мен климат өзгерісіне бейімделуге жол ашады.

Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері бойынша әлеуеті өте зор. Бұл – елдің орнықты дамуға қол жеткізуіне үлкен мүмкіндік. Жасыл технологиялар мен энергия саласына инвестиция тарту арқылы нақты жетістіктерге жетуге болады, – деді Пан Ги Мун.

Оның пікірінше, Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері бірлесе отырып, гүлденген әрі тұрақты болашақ құра алады.

Бұл форум – жай ғана пікір алмасатын алаң емес. Мен оның нақты әрекетке итермелейтін трамплин болатынына сенемін, – деп түйіндеді сөзін Жаһандық жасыл өсу институтының президенті.