Қазіргі урбанизация дәуірінде қала экологиясын сақтау – бүкіл қоғамның ортақ мақсаты. Тұрғындар санының көбеюі, көлік қозғалысының артуы, өндірістік аймақтардың кеңеюі мен тұрмыстық қалдықтардың көбейуі қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етуде. Осындай жағдайда табиғатты қорғау тек мемлекеттік деңгейдегі шараларға ғана емес, әрбір азаматтың саналы әрекетіне тікелей байланысты.

Экологиялық мәдениет ең алдымен адамның табиғатқа деген көзқарасынан басталады. Қала тұрғындарының табиғатты қорғау жөніндегі түсінігі, жауапкершілігі және өз ортасына ұқыптылықпен қарауы – таза әрі қауіпсіз қала құрудың кепілі. Қоғамдық сана қалыптасқан жерде тұрғындар табиғатқа зиян келтірмеу, қоқысты сұрыптау, көлікті аз пайдалану, жасыл белдеулерді қорғау сияқты әрекеттерді өздігінен атқарады.

2025 жыл «Таза Қазақстан» жобасы аясында экологиялық бастамаларымен есте қалды. Республикалық жоба қоршаған ортаны қорғауға бей-жай қарамайтын мемлекеттік органдар, еріктілер, студенттер мен оқушылар, кәсіпкерлер және қала тұрғындарын біріктірді. Наурыз айынан бері Алматы қаласының барлық аудандарында 15 іс-шара өткізілді деп хабарлады Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Нұржан Бөлекбаев.

Жалпы, акцияларға қатысқан адамдар саны 115 665-тен асып, олардың бірлескен еңбегі нәтижесінде 9363,25 тонна қоқыс жинақталып, 19 275 ағаш егілді. Республикалық деңгейде барлығы 26 іс-шара ұйымдастырылып, оның 15-і Алматыда өтті. 2025 жылы өткізілген «TazaLike» салтанатты шарасы қарсаңында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр экологиялық акцияларды өткізу жөніндегі Жол картасын бекітті.

Жақында өткен «Таза қала» акциясы осы маусымдағы басты оқиғалардың бірі болды. Оған депутаттар, спортшылар, әртістер, жастар ұйымдары мен коммуналдық қызмет өкілдерін қоса алғанда 25 600-ден астам адам қатысты. Парктер, аулалар, алаңдар мен қоғамдық орындар 170 техникамен тазартылды. Сонымен қатар, алма, акация, үйеңкі сияқты 5000-ға жуық ағаштың тұқымы егілді.

«Таза кәсіп – таза аймақ» акциясына кәсіпкерлер қатысып, барлығы 1600 адам бірлесіп бизнес нысандарына іргелес аумақтарды тазалап, 2393,25 тонна қоқыс шығарды. Әсіресе Жетісу, Медеу және Алмалы аудандарының кәсіпкерлері белсенділік танытты: өз нысандарын және көрші аумақтарды ретке келтірді.

Экологиялық реттеу бөлімінің басшысының міндетін атқаратын Диана Мендулланың айтуынша «Таза жағалау» акциясы өтті. Медеу орман шаруашылығының қызметкерлері мен «ECO Almaty» ЖШС өкілдері Керей-Жәнібек көшесі мен Есентай өзенінің жағалауында сенбілік ұйымдастырды. Акцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, тұрғындар мен еріктілерден басқа 120-дан астам адам қатысты және 5000 тоннадан астам қоқыс жиналды.

Оқу орындарында экологиялық білімді арттыру мақсатында «Табиғат біздің көмегімізге мұқтаж» атты эко-сағаттар өткізілді. Оған 35 жоғары оқу орнынан 47 530 студент қатысты. Оқушылар да белсенділік танытып, «Қазақстанның экологиясын қалай жақсартуға болады» тақырыбында өлең жарысына қатысып, 22 мектептің оқушылары өзара жарысты. Ең үздік идеяларды айтқандары 6 оқушы жеңімпаз атанды.

Сәуірде мектеп түлектері «Түлектердің ағаш егуі» экочелленджіне қатысып, 216 мектептен 12 мыңнан астам адам 7285 көшет отырғызды. Сонымен қатар, PowerTech EXPO аясында «Қалдықсыз болашақ» көрмесі өтті. Көрмеде қалдықсыз өндіріс пен қайта өңдеуге арналған 100 жоба таныстырылып, оған 2000-нан астам адам қатысты.