Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен бейбіт келісімге қатысты АҚШ делегациясымен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы ол Telegram-арнасында бөлісті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Зеленскийдің айтуынша, ол Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Андрей Гнатов және ҰҚК хатшысы Рустем Умеровпен бірге Майамидегі АҚШ делегациясымен телефон арқылы бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі келесі қадамдарды талқылаған.

Оның сөзінше, ол АҚШ делегациясымен ұзақ сөйлескен. Делегация құрамында Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Ақ үй басшысының күйеу баласы Джаред Кушнер бар.

"Біз көп аспектіге назар аударып, қанды қырғынды тоқтатуды және Ресейдің үшінші рет басып кіру қатерін, сондай-ақ Ресей өз уәделерін орындамау қаупін жоятын негізгі тармақтарды жеткілікті жылдам талқыладық. Бұған дейін мұндай жағдай бірнеше рет болған", — делінген Украина президентінің хабарламасында.

Сондай-ақ ол делегациялар "келесі қадамдар, әңгіме форматтары" жөнінде келісімге келгенін атап өтті. Зеленский "бәрін телефон арқылы талқылай алмаймыз", сондықтан енді Умеров пен Гнатовтан егжей-тегжей есеп күтетінін қосты.

Axios басылымының хабарлауынша, бұл әңгіме екі сағатқа созылған. Жалпы алғанда, Майамиде АҚШ пен Украина жоғары лауазымды өкілдерінің келіссөздері үшінші күн қатарынан жалғасып жатыр.

"Жағдайды тікелей білетін дереккөздің айтуынша, Уиткофф пен Кушнер екі тараптың да пікірлерін жинап, келісімге қол жеткізу үшін қажет ымыраға келуге Путин мен Зеленскийге қысым көрсеткен. Зеленскийді кездесу үшін шақырған", — делінген материалда.

Axios аумақтық мәселе бойынша талқылау күрделі өткенін айтты. Ресей әлі де Украинадан Донецк пен Лугансктың өз бақылауындағы аумақтарынан әскерін шығаруын талап етіп отыр, бірақ АҚШ бұл мәселені шешудің жаңа идеяларын әзірлеуге тырысып жатыр.

Украинаға АҚШ тарапынан қауіпсіздік кепілдіктері мәселесіне қатысты Axios-тың бір дереккөзі "тараптар айтарлықтай прогреске қол жеткізді және келісімге жақын, бірақ қауіпсіздік кепілдіктері жобасын екі тараптың да бірдей түсінуі үшін қосымша жұмыс қажет" екенін айтқан.

Умеров пен Гнатов Майамиден Еуропаға қайтып оралып, дүйсенбіде Лондонда Зеленскийге АҚШ ұсыныстарын талқылау үшін брифинг өткізбек.

Уиткофф пен Кушнермен алдағы келіссөздер мен кездесулер келер аптада жалғасады деп күтіледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget