Алматы облыстық прокуратурасы кәсіби мереке қарсаңында үздік қызметкерлерін марапаттады.
Елімізде 6 желтоқсан прокурор күні ретінде аталып өтеді. Прокуратура заңдылықты қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу салаларында маңызды рөл атқарады. Салтанатты жиынға ұзақ жылдар бойы осы салада қызмет етіп, құрметті демалысқа шыққан аға буын өкілдері де шақырылды.
Прокуратура күніне арналған мерекелік іс-шарада мемлекеттің дамуы мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды. «Мемлекет басшысы заңның үстемдігі – елдің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі екенін үнемі айтып келеді. Бұл бағытта прокуратура қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктелген. .
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Бұл ретте прокуратура органдарының заңның сақталуын қадағалауы, адал қызметі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қадағалаудағы жауапкершілігі қоғам үшін аса маңызды.
Заңға берік болу, кәсіби шеберлік пен әділдікті ұстану прокурорлық қызметтің мәнін айқындайтын басты сипаттар. Бұл қасиеттер елдегі құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтады.
Басқосуға аталған салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан 30 ардагер шақырылды. Прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында Алматы облысында жыл басынан бері 650 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған.
Берік Адамов, Алматы облысының прокуроры:
- Прокуратурада қызмет ету тек қана мамандық емес, бұл адалдықты, кәсібилікті және табандылықты қажет ететін маңызды міндет. Сіздер күн сайын заңдардың орындалуын қадағалап, қоғам мүддесін қорғауда үлкен жауапкершілікті арқалап келесіздер. Әрқайсысыңызға еңбекке деген адалдығыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын!
Прокурорлардың араласуымен биыл өңірде жалпы құны 6,5 млрд теңге болатын 80 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды. Мүгедектігі бар екі мың адам мен 700 жұмысшыға өтелмеген төлемдері қайтарылып, жалақы төленді. Сондай-ақ дер кезінде жүргізілген прокурорлық қадағалаудың арқасында 13 мың баланың пайдасына 3,7 млрд теңге алимент өндірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов