Таразда айыппұл тұрағына қойылған автокөлік жоғалып кеткен. Оны білген көлік иесі сотқа жүгінді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс Тараз қалалық сотында қаралды. Көлік иесі күзет агенттігіне қатысты материалдық зиянды өндіріп алу туралы талап қойған.
Іс материалдары бойынша полиция қызметкерлері 2017 жылы қазанда талап қоюшының Ford Fiesta маркалы автокөлігін мәжбүрлеп алып, "А" күзет агенттігі қызмет көрсететін Тараз қаласындағы мамандандырылған күзет тұрағына орналастырған.
2022 жылдың желтоқсанында иесі көліктің жоғалып кеткенін білген. Көлік осы уақытқа дейін табылмаған, ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Талап қоюшының пікірінше, жауапкер автокөліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етпеді, бұл мүліктің жоғалуына себеп болды. Бағалау туралы есепке сәйкес, жоғалған көлік құралының құны 3,4 млн теңге болған.
Жауапкер өзіне қойылған талаппен келіспеген, бірақ ол көліктің сақталуына немесе оның кінәсінің жоқтығына ешқандай дәлел келтірмеген.
Сот автокөлікті 2017 жылдың қазанында айыппұл тұрағына қоюға заңды негіз болмағанын анықтады. Автокөлік күзет агенттігінің жауапкершілігінде болып, содан кейін 2019 жылдан бастап жауапкердің қорғауында болған.
Бұны ескере отырып, сот көлік иесінің талабын қанағаттандырып, жауапкерден 3,4 млн теңге мөлшерінде материалдық залал сомасын, сондай-ақ сот шығыстарын өндірді. Шешім заңды күшіне енді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз