Ерте диагностика аурудың күш алып кетуінің алдын алуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың қаңтарынан бастап кейбір медициналық қызметтер МӘМС пакетінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне ауысады. Осылайша, бұл қызметтер сақтандырылмаған азаматтарға да тегін көрсетіледі, деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі.
"Скринингтік зерттеулер МӘМС пакетінен ТМККК пакетіне, оның ішінде онкологиялық скринингтерге ауыстырғаны біз үшін маңызды. Бұл өзгеріс бүкіл халыққа жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, колоректальды қатерлі ісік, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, глаукома, вирустық гепатит сияқты ауруларды алдын ала диагностикалау қызметтеріне қолжеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, скринингтер барысында медицина қызметкерлері алдын ала ағзадағы ауруларды анықтап, олардың одан таралуына жол бермеуі мүмкін", – деді ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Тәжібаева.
Бұдан бөлек, "ауыр" ауруларды уақытылы анықтау мақсатында медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды өзгерістер де қарастырылған.
Сондай-ақ, ол заң шеңберінде әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған кезде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін пакетке ерте диагностикалауды енгізу көзделгенін атап өтті. Қазір ТМККК-да диагноз қою үшін медициналық қызметтер АИТВ және туберкулёзге күдік болған жағдайда ғана жүргізіледі. Басқа жағдайларда пациенттер диагноз қою және әлеуметтік маңызды аурудың болуын растау үшін сақтандырылуы керек.
Еске салайық, 2025 жылғы 14 шілдеде жаңа заң қабылданып, денсаулық сақтау жүйесін сақтандыру моделіне көшіру ісі басталды.
Оқи отырыңыз:
Қазақстандықтардың 18 пайызы МӘМС жүйесіне қатыспайды
"Азамат төлемесе – жүйеден шығады, мемлекет төлемесе – ештеңе болмайды". Аймағамбетов МӘМС жүйесін тағы сынға алды