Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласын цифрландыру және маман даярлау мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы жүк тасымалы нарығындағы барлық көлік түрлері "бірыңғай цифрлық терезе" қағидатымен жұмыс істеуі тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, 2019 жылы іске қосылған "E-freight" жүйесі әуе жүк тасымалын жеңілдетуге бағытталғанымен, әлі күнге дейін толыққанды жұмыс істемей келеді.

"E-freight жүйесінің қызметі әлі де шектеулі. Құжаттарды рәсімдеудің кешігу фактілері бар", – деді Президент.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласында кәсіби кадр тапшылығы өткір сезіліп отырғанын айтты.

"Білікті кадрларсыз реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Жыл сайын жүздеген маман қажет. Үкіметке кадр даярлау жүйесін реформалауға қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Халықаралық оқу орындарымен байланыс орнатып, мамандардың біліктілігін арттыратын құзырет орталықтарын құру керек", – деді Мемлекет басшысы.

Президент көлік және логистика саласын дамытудың стратегиялық маңызын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.