Кәсіпқойы боксшы Жәнібек Әлімханұлының командасы допинг дауына байланысты кезекті жекпе-жегі өтпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Бұл жаңалыққа біз қалай таң қалсақ көп жанкүйер де солай таң қалғанын білеміз. Біздің көңіл күйіміз түскеніндей көп жанкүйердің көңіл күйі түскенін сезіп отырмыз. Өйткені тақым қысып тілеулес болып отырған ағайын өте көп. Асыға күткен жекпе-жек өтпейтін болды.
Жаңалыққа таң қалдық деген себебіміз VADA-ның бірінші алған анализдері таза деген хабар келген болатын, екінші анализде даулы мәселе бар деген хабар жетті. Екі анализ арасында тамаққа да витаминге де ешқандай өзгеріс жасамадық. Бұл қалай болды екен деп түсінбей отырмыз!
Қаншама еңбек, қан мен тер төгілді. 4 айдан бері басқа елдеміз. Шығындар бар. Отбасыдан жырақ. Біз үшін бұл жаңалық оңайға соқпады", — делінген Facebook-те жарияланған мәлімдемеде.
Боксшының командасы әрқашан таза спортты қолдайтынын, қазір менеджерлер мен заңгерлер жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
"Қайта анализ тапсырсақ деген өтініш айттық. Ескі анализдің екінші нұсқасын да тексерту, зертханадағы жұмыс бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мамандардан хабар күтіп отырмыз.
Үлкен спортта әртүрлі қиындықтар болады екен. Бұйырса, бұл қиындықтан да өтеміз! Ең бастысы еңсені түсірмеу керек! Қолдау пікірлеріңізге мың алғыс", — деп хабарлады Жәнібек Әлімханұлының командасы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз