Бүгін елорда төрінде Астана халықаралық форумы басталады. Әлемдік саясат пен қауіпсіздік мәселелері талқыланатын форумға Вашингтоннан арнайы келген сарапшы Джонатан Паникофф Қазақстанның геосаяси рөлін жоғары бағалады. Атлантикалық кеңестің Таяу Шығыс бағдарламасындағы Scowcroft қауіпсіздік бастамасының директоры El.kz интернет порталының тілшісіне сұхбат берді.

Астана бүгінде тек аймақтық емес, жаһандық хабқа айналып келеді. Көпшілік Қазақстанды энергетика саласымен ғана байланыстырады. Бірақ ел бұдан әлдеқайда алға шықты. Геосаяси, экономикалық және энергетикалық мүдделер тоғысқан осындай ортада маңызды диалогтар өтіп жатқаны — үлкен жетістік. Осындай форумдар арқылы біз ортақ мәселелерге жаһандық деңгейде шешім іздейміз. Басты баяндамам ертең өтеді. Мен негізінен Таяу Шығыс пен Орталық Азияның қазіргі жағдайы және болашағы туралы айтамын. Бұл өңірлердің тұрақтылығы мен даму бағыты — жаһандық деңгейде маңызды, — дейді Джонатан Паникофф.

Сарапшы форумдағы негізгі үш мәселені атап өтті.

Менің ойымша, көпполярлы әлемнің келешегі, энергетика саласындағы өзгерістер және қазіргі немесе болашақтағы қақтығыстардың салдары — осы үш мәселе алдыңғы қатарда тұрады, — дейді ол.

Сондай-ақ спикер форумда өзін қандай тақырыптар қызықтыратынын атап өтті:

Көпшілігіміз үшін бұл өңірдің болашағы – әсіресе Ресей мен Украина арасындағы соғыс аясында аса өзекті әрі қызықты тақырып. Сонымен қатар энергия саласының болашағы мен осы өңірден, тіпті осы конференция аясында туындауы мүмкін геосаяси салдарлар да жұртшылық назарында. Бұл мәселелер – маңызды пайдалы қазбаларға, энергетикалық қауіпсіздікке және көпполярлы әлемнің болашағына тікелей қатысты. Қазақстан сияқты елдер Қытай, Ресей және АҚШ сынды аймақтық державалар арасында тепе-теңдік сақтай ала ма, жоқ әлде әлем қайтадан қырғи-қабақ соғыс дәуіріндегідей жікке бөлініп кете ме немесе елдер өзара ынтымақтаса ма – дәл осы сұрақтар талқыға түседі. Меніңше, конференция барысында бұл тақырыптар кеңінен қозғалады, — дейді Джонатан Паникофф.