2025 жылғы 1 желтоқсанда әлеуметтік желілерде Orda.kz басылымы редакциясында және оның бас редакторы Гүлнара Бажкенованың пәтерінде тінту жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл мәлімет Алматы қалалық полициясы арқылы расталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Бажкеноваға қатысты қылмыстық істер қате және әдейі жалған ақпарат тарату фактілері бойынша бірнеше арыз түсуіне байланысты қозғалған.

Тергеу шаралары аясында арызданушылардың уәждері жан-жақты тексерілуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алған кезде ұсталды деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған. Тергеу барысында мұндай фактінің болмағаны нақтыланды. Осылайша, азаматша Б.-ның әрекеттері жарияланымда көрсетілген қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалған пікір қалыптастырған.

Тағы бір жарияланымда мүліктік дауға қатысты залалдың көлемі мен себептері туралы бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейтін деректер берілген. Бұл өз кезегінде жұртшылықты жаңсақ пікірге жетелеп, арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай зиян келтірген.

Бұдан бөлек, өткен жылдары жарияланған өзге материалдарға қатысты да жәбірленушілердің арыздары бойынша тексерістер жүргізілуде. Аталған жарияланымдарда да жалған не қоғамды адастыратын мәліметтер болуы мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Азаматша Бажкенованың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Жалған ақпаратты дайындау және жариялау жағдайларын анықтау, сондай-ақ оның қайдан алынғанын тексеру мақсатында электрондық құрылғылар мен материалдар тәркіленуде.

Тергеу жалғасуда. Барлық мән-жайлар қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде анықталатын болады.