Бүгін әлеуметтік желіде қазақстандық журналист Гүлнәр Бажкенованың үйінде тінту жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Алматы полиция департаменті бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бүгін Telegram-дағы "Письма президенту" арнасында белгілі журналист Гүлнар Бажкенованың пәтерінде, сондай-ақ "Орда" порталының редакциясында тінту жүріп жатқанын туралы ақпарат жарияланды.

"Бажкеноваға қатысты Алматыдағы бизнес-орталықтың қожайыны мен өңірлік балық инспекциясының қызметкерінен көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін бірнеше арыз түскен", — делінген хабарламада.

Мән-жайды білу үшін NUR.KZ тілшісі Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінді. Ол жердегілер ақпаратты растап, Бажкеноваға қатысты қасақана және бірнеше рет жалған мәліметтер тарату деректері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын мәлімдеді.

"Тергеу шаралары аясында арызданушылардың уәждері жан-жақты тексерілуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алған кезде ұсталды деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған.

Тергеу барысында мұндай фактінің болмағаны нақтыланды. Осылайша, азаматша Б.-ның әрекеттері жарияланымда көрсетілген қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалған пікір қалыптастырған.

Тағы бір жарияланымда мүліктік дауға қатысты залалдың көлемі мен себептері туралы бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейтін деректер берілген. Бұл өз кезегінде жұртшылықты жаңсақ пікірге жетелеп, арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай зиян келтірген.

Бұдан бөлек, өткен жылдары жарияланған өзге материалдарға қатысты да жәбірленушілердің арыздары бойынша тексерістер жүргізілуде. Аталған жарияланымдарда да жалған не қоғамды адастыратын мәліметтер болуы мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Азаматша Б.-ның тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Жалған ақпаратты дайындау және жариялау жағдайларын анықтау, сондай-ақ оның қайдан алынғанын тексеру мақсатында электрондық құрылғылар мен материалдар тәркіленуде.

Тергеу жалғасуда. Барлық мән-жай қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде анықталатын болады", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз