Мәскеудегі жұмыс сапары барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Иранның Ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезелдже мырзамен келіссөздер өткізді.
Тараптар сауданы кеңейту, агроөнеркәсіптік кооперацияны тереңдету және бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады.
Министрдің айтуынша, былтыр екі ел арасындағы сауда 220 млн долларға жетіп, арпа экспорты үш есе өсті. Биыл қарқынды өсу жалғасып, 9 айда тауар айналымы 249,1 млн доллар болып, екі есеге артты. Арпа экспорты 4,6 есеге, бидай жеткізу көлемі де айтарлықтай көбейді.
Иран Қазақстан астықының негізгі нарықтарының бірі саналады: 2024–2025 маркетингтік жылында елге 1 млн тоннадан астам астық экспортталды. Амирабад портындағы терминал арқылы жіберім көлемі артып, 10 айда 161 мың тонна өнім жөнелтілді.
Келіссөздерде күнбағыс майының экспортын ұлғайту да талқыланды. Өткен жылы Иранға 5,9 мың тонна май жеткізілді, ал қазақстандық өндірушілер жылына 500 мың тоннаға дейін экспорттай алады. Бұл үшін Құрық және Ақтау порттарында жаңа май құю терминалдарын салу жоспарланып отыр.
Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты да кеңейтпек. Қазақстанда бірқатар бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр, жаңа жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер жалғасуда. Иран тарапы тауар айналымын екі есе арттыруға және өз аумағын өңірлік транзиттік хаб ретінде ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Кездесу нәтижесінде екі ел агроөнеркәсіптік саладағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға уағдаласты.