Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Борамбаев 2025 жылғы 27 қарашада Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында әскердің баламалы қызметі жайлы айтылып жүрген пікірге қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол Қазақстанда баламалы қызмет жоқ екенін баса айтты.
"Бірақ бізде 24 жасқа толғаннан кейін, яғни әскери борышын өтеу мерзімі белгілі бір себептерге немесе денсаулығына байланысты кейінге қалдырылған жағдайда ақысын төлеп, 40 күндік курстан ресми түрде өтуге болады (және әскери билет алуға мүмкіндігі бар — шамамен ред.)", — дейді ол.
Оның айтуынша, ақысы шамамен 240 мың теңгені құрайды.
"Бірінші талап — жасы 24 және одан жоғары болуы. Екіншісі — белгілі бір шектеулердің болуы. Кезекке тұрып, ақысын төлейді және кезек жақындағанда курстардан өтеді", — деп түсіндірді Серік Борамбаев.
Бұған дейін Жамбыл облысында салтанатты шарада өнер көрсетіп, басына бөтелке жарған сарбаз бір көзінен айырылғанын жазғанбыз.