Алматыдағы Достық үйінде еліміздің мәдениет және өнер өкілдерін марапаттауға арналған іс-шара өтті. Оларға Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлық, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің Құрмет грамоталары табысталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары мен шығармашылық қауым өкілдері қатысты.
Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлығы бірқатар белгілі азаматтарға берілді. Театр мен киноның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстанның халық әртістері Досқан Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов және Нұржұман Ықтымбаев марапатталды.
Сыйлық иегерлері қатарында жазушы Нұрлан Қами, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының кеңесшісі Қайрат Мұқанов және Жамбыл атындағы филармонияның директоры Ақан Әбдуәлиев бар.
Қырғыз Республикасының Құрмет грамоталары Алматы қаласының мәдениет саласына еңбек сіңірген өнер иелеріне және мекеме басшыларына табысталды. Атап айтсақ, Арафат Ысқақовқа, Әридаш Оспанбаеваға, Әлихан Лепесбаев, Гүлжамал Қазақбаева, Арман Жүдебаев және Данияр Әлиевке берілді.
Марапат иелерінің әрқайсысы елдегі музыка, театр және білім беру салаларының дамуына ықпал етіп келеді.