Тараз қаласының № 2 соты "Цефтриаксон" препаратын бұлшықетке енгізгеннен кейін науқастың көз жұмуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сот отырысында абайсызда адамның өліміне әкеліп соққан, осы қызмет түріне (процедуралық кабинет) сертификаты мен лицензиясы жоқ бола тұра, заңсыз медициналық қызметпен айналысқаны үшін айыпталған сотталушы Ц-ға және абайсызда адамның өліміне әкеліп соққан медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін айыпталған сотталушы И-ға қатысты қылмыстық істер қаралды.

Сотта сотталушы Ц. 2013 жылы өз атынан жеке кәсіпті тіркеп, 2016 жылы Тараз қаласында инвазивті араласулар (көктамыр ішіне және бұлшықет ішіне инъекциялар) жүргізу үшін емдеу кабинетін ашқаны, алайда сотталушының бұған заңды құқығы болмағаны анықталды. 2025 жылдың ақпан айында осы процедуралық кабинеттің медбикесі (сотталушы И.) пациент А-ны (жәбірленуші) қабылдап, оған анафилактикалық шоктың дамуына алып келген бұлшықет ішіне "Цефтриаксон" препаратын енгізген. Салдарынан науқас қалалық көпсалалы ауруханада қайтыс болды.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлер мен сарапшылардың айғақтарымен, сондай-ақ сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді. Сотталушы Ц. кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады. Ал сотталушы И. кінәсін толық мойындады.

Сот сотталушы Ц-ның жас балаларының болуын және оң қырынан сипатталуын, ал И-дың кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкініш білдіруін, бұрын сотты болмағанын және оң қырынан сипатталуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сот үкімімен сотталушы Ц. ҚК 322-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оны 3 жыл мерзімге инъекциялық терапия саласында жеке кәсіппен айналысу құқығынан айыра отырып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Сондай-ақ, сот жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян және 1,2 млн теңге мөлшерінде материалдық зиянды өндіріп алды.

Сотталушы И. ҚК 317-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге инъекциялық терапия саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. "Рақымшылық жасау туралы" Заңды қолдана отырып, И. бас бостандығын шектеу түріндегі жазадан босатылды. Сонымен қатар, сотталушы И-дан жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян және 588 мың теңге мөлшерінде материалдық зиян өндірілді.

Сотталушы И-ға қатысты үкім заңды күшіне енді.

2025 жылы 21 қарашада Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі жеке процедуралық кабинеттерді тексеру қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, 406 нысан анықталды, олар лицензияға қажетті қосымшаларсыз немесе заң бұзушылықтармен жұмыс істеген.