Қаржылық мониторингі агенттігінің өкілдері, белгілі журналистер, блогерлер және қаржы сарапшылары 2025 жылғы 27 қарашада Астанада өткен форумда цифрлық қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығы, сондай-ақ қаржылық алаяқтықтан қорғанудың жаңа әдістері туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Форумды ҚР Қаржылық мониторингі агенттігі (ҚМА) мен Zakon.kz интернет-басылымы Ғылым және жоғары білім министрлігімен, Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Форум "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — цифрлық гигиена негіздерін, қаржылық алаяқтықтан қорғанудың жаңа амалдары мен әдістерін және дропперлік схемаларды түсіндіру.
"Бұл іс-шара — Zakon.kz интернет-ресурсы ретінде мемлекеттік билік органдарымен бірлесіп біздің үнемі атқаратын үлкен жұмыстың жалғасы. Көбінесе, ҚМА-мен бірге. Біз бірнеше жыл бойы халық арасында жүйелі түрде ағартушылық жұмыс жүргізіп келеміз, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында да жұмыс істейміз. Біздің басылым арқылы адам тағдырларының көптеген жағдайы жария болып және осы жайттардың барлығын талдай отырып, біз белгілі бір ұсыныстарды алға тартамыз. Ал Қаржылық мониторингі агенттігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл ұсыныстарды интернет-алаяқтықпен және қаржы пирамидаларымен күресудің пәрменді әдістері мен құралдарын әзірлеуде де пайдаланады", – деді "ЮрИнфо "компаниясы" ЖШС-ның Бас директоры Михаил Коломин.
Оның айтуынша, форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, сарапшылар, блогерлер мен жетекші елордалық жоғары оқу орындарының студенттері қатысуда.
"Спикерлер интернет-алаяқтықтан қорғану әдістері, дипфейктер, дербес деректерді қорғау, сондай-ақ дропперлер туралы айтты. Бүгін біз аталған іс-шараны Zakon.kz платформаларында тікелей эфирде өткізудеміз, онда да ел азаматтарының көбісі осында берілетін құнды ақпараттан қаныға алуы үшін. Жастарды оқытудың маңыздылығы — олар осында түйіп, ұққандарын ата-аналарына, туыстарына және достарына қолжетімді тілде жеткізе алады. Олар заманауи гаджеттер мен әлеуметтік желілерді қолдана отырып, цифрлық гигиенаны сақтау қажеттілігі туралы айта алады", – деп түсіндіреді ол.
ҚМА-ның Превенция және аналитикалық әзірлемелер департаменті басшысының орынбасары Андрей Давыдов цифрлық алдап-арбаудың бүгінгі шынайы түрі ретінде дипфейктерді атап, олар туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Оның келтірген мәліметтері бойынша, Қазақстанда 2025 жылдың басынан бері дипфейктерге байланысты 40-тан астам қылмыстық іс тіркелген.
"Қорғану бойынша негізгі кеңестер: жақындарыңызбен код сөзі туралы өзара келісіп алған абзал, тек өзіңізге белгілі нөмірге қайта қоңырау шалыңыз, бейтаныс адамдарға ақша жібермеңіз, шұғыл өтініштерге тез жауап қатуға тырыспаңыз, дауыстық хабарламалар, фотосуреттер мен видеоларды бейтаныс адамдарға жолдамаңыз. Қауіпсіздіктің негізгі кілті — сыни тұрғыдан ойлана білу. Егер бірдеңе тым оғаш немесе тым тиімді болып көрінсе, тоқтай қалыңыз", — деп кеңес береді Давыдов.
Сарапшылар өздерін жаһандық желінің неғұрлым қорғалған және сенімді пайдаланушылары ретінде сезіне алуы үшін қазақстандықтарға цифрлық гигиена негіздері туралы айтып берді.
"Алаяқтардың тұзағына түспеу үшін, ең алдымен, сізге бірдеңе жеткізілгені туралы қандай да бір хабарламаларға, сізден нөмірлер мен кодтар сұралатын хабарламаларға да сенбеу керек, жіберілген кез келген сілтемелер арқылы өтпеу қажет. Тіпті, мессенджер арқылы досыңыз сізден ақша аударуды сұраса да еш асықпаңыз, қазір әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұзу кезінде мұндай жайттар жиі орын алып жатады. Алдымен сол досыңызға қоңырау шалуға кеңес береміз, шын мәнінде көмек сұрап тұрған сол ма, жоқ па, осыған көз жеткізіңіз. Сондай-ақ дипфейктер деген үлкен проблема бар, осындай форумдар өткізуге мүмкіндік беретін, барлық осындай тәуекелдер жайынан жаңа біліммен қарулану қажет", — деді "Астана Жастары" ЖРО қызметкері Шыңғыс Тілеулин.
Форум жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып құрылған ҚМА-ның Аi-офицерінің қатысуымен өтті. Ол сізді қызықтыратын кез келген сұраққа жауап бере алады. Мысалы, дипфейк дегенміз не және ол қандай қауіп төндіретінін айтып бере алады.
Форум қонақтарына түрлі құқықтық мәселелер бойынша басқа АИ-көмекшісі – PRG.Komek кеңес беріп, белсенділік танытты.
"PRG.Komek — заңнамаға қатысты сұраққа нақты жауап беретін жасанды интеллект. Оған кез келген бөлім бойынша сұрақ қоюға болады, бұл жағынан ешқандай шектеу жоқ. Жауап әзірлеуі үшін 3-5 секунд қажет. Жауаптардың барлығы дұрыс, қысқа-нұсқа, өйткені ол PRG.kz ("Параграф" АЖ) мәліметтер базасында жұмыс істейді, сәйкесінше барлық құжаттар тексеріліп, біздің заңнамаға негізделген. Сонымен қатар, біздің мамандар құжаттардың өзектілігін және біздің жүйе берген жауаптардың дұрыстығын қадағалап отырады", – деді PRG-мен жұмыс жөніндегі маман Алуа Беменқызы.
PRG.Komek-тің қызметі туралы мына жерден оқуға болады. "Сандық қауіпсіздік сабақтары" форумы туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.