Енді ел азаматтары бір сағаттың ішінде бірнеше несие рәсімдей алмайды, деп жазады Egemen.kz.
Мәжіліс мақұлдаған банк туралы жаңа заң жобасына сәйкес кредиттік бюролар Антифрод орталығына енгізіліп, қысқа уақыт ішінде екі немесе одан да көп банкке түскен өтінімдер туралы ақпаратты бір жүйеге беріп отырады. Бұл өзгеріс алаяқтықтың алдын алу үшін жасалып отыр.
Электронды қолтаңба беру және бастапқы биометриялық тіркеу тек азаматтың өзі жеке келіп жасаған кезде ғана рәсімделеді. Бұл талап жеке мәліметтің қауіпсіздігіне бағытталған.
Заң жобасын Мәжіліс депутаттары қолдады. Бұған дейін құжат қоғамда қызу талқыланған еді. Сол кезде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова заңның негізгі жаңалығын түсіндіріп берген.
«Заң жобасының басты бөлігі цифрлық қаржы активтерін реттеу мен олардың Қазақстан аумағында айналымына рұқсат беруге қатысты» деді ол.