Бішкекте ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ

Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев ресми делегация мүшелерімен бірге ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысқан.

Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан көшбасшылары ұйымға мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қарастырып, биылғы ҰҚШҰ жұмысының негізгі бағыттарын қорытындылаған. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған басымдықтарды анықтаған.

Президенттер ҰҚШҰ бас хатшысы лауазымындағы қызметін аяқтап жатқан Иманғали Тасмағамбетовке алғыс айтқан.

Жиын барысында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ бас хатшысы қызметіне үш жыл мерзімге Қырғыз Республикасының өкілі Таалатбек Масадыковты тағайындау туралы шешім бекітілген.

Отырыс қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданған. Сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жан-жақты жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз