Ақмола облысының полицейлері Астана-Көкшетау бағытындағы такси көлігінен жол ақысын төлемей қашып кеткен ер адамды анықтады. Азамат мұндай әрекетке не себепті барғанын түсіндірді, деп өңірлік полиция депараментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Еске сала кетейік, аталмыш оқиғаға қатысты ақпарат 26 қарашада әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде таралып, халықтың қызу талқысын тудырды. Белгілі болғандай, Астанадан Көкшетауға такси шақыртқан жолаушы құлағы нашар еститін жүргізушіні алдап, жол ақысын төлемей қашып кеткен.
Ақмола облысының полицейлері желідегі видеоны зерттеген соң жолаушының жеке басын анықтап, оны полиция бөлімшесіне жеткізген.
"Тәртіп сақшылары Көкшетаудың 30 жастағы тұрғынын сол күні анықтады. Ер адамның айтуынша, ол 24 қарашада сапарға шыққан, бірақ ол қызмет үшін төлем жасамай көліктен шығып кеткен. Ол өзінің іс-әрекетін қаржылық қиындықтармен түсіндірді", — делінген ресми хабарламада.
Құқық қорғаушылар жолаушымен профилактикалық әңгіме өткізді. Ол сапардың құнын толығымен өтеді.
Полиция азаматтарды қылмыстық және әкімшілік заңнаманың нормаларын ғана емес, сонымен бірге өзара сыйластыққа негізделген қарапайым моральдық және адами принциптерді сақтауға шақырды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз