Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 2025 жылы 26 қарашажа Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында Астанада тісін емдету кезінде көз жұмған үш жасар қыздың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тимур Сұлтанғазиев бұл жағдайды өте сорақы әрі резонансты оқиға деп бағалады.
"Әрине, обал, небәрі 3 жастағы сәби. Денсаулық сақтау министрлігі көңіл айтады. Бірақ, сот-медициналық сараптаманы Әділет министрлігі жанындағы сот-медициналық сараптама органдары жүргізеді. Бұл ретте тексерудің шынайы жүргізілуі үшін Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары тартылмайды", — деді ол.
Оның айтуынша, оқиға орнында анестезиолог-реаниматолог, тіпті жедел медициналық қызмет көрсететін дәрі-дәрмек қорабы да болмаған.
"Басқа да бұзушылықтар болған. Мұның барлығы сот шеңберінде қарастырылатын болады", — деді вице-министр.
Дегенмен, оның айтуынша, аталған жағдай барлық стоматологиялық клиникаларды жаппай тексеруге негіз бола алмайды.
"Бүгіндері бізде мұндай жоспар жоқ. Тексеру Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады", — деді Тимур Сұлтанғазиев.