Шри-Ланка билігі елдің беделіне нұқсан келтіретін контент жариялаған шетелдік туристерге жаза қолдануды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Tamil Guardian басылымының жазуынша, жаза тіпті туристердің өздеріне қатысты орын алған жыныстық қорлау немесе қауіп-қатер жағдайлары туралы жарияланымдарға да қолданылуы мүмкін.
"Мекеме туристердің әлеуметтік желілерде жариялаған контентін мұқият бақылап отырады және мұндай жазбаларды жою үшін шаралар қабылдайды", – деді Шри-Ланка Туризмді дамыту бюросының басшысы Буддхика Хевавасам.
Оның айтуынша, алдағы уақытта билік Шри-Ланканың туристік имиджіне зиян келтіреді деп есептелген кез келген интернет жарияланымы үшін шетелдіктерге қатысты қылмыстық іс қозғаудан тартынбайды. Туризм саласының сарапшылары мұндай қадам интернетте жергілікті тұрғындардың турист әйелдерге әдепсіздік танытқан видеоларының таралуымен байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.
Бұған дейін жазғанымыздай, абайсызда сахнадан құлап түскен "Әлем аруы" байқауының қатысушысы жансақтау бөлімінде жатыр.